Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBF чемпионы Сауль «Канело» Альварес (52-1-2, 35 КО) келесі жекпе-жегін қыркүйекте өткізуі мүмкін. Бұл туралы LA Times газетіне берген сұхбатында мексикалық боксшының бапкері Эдди Рейносо айтып берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кеше Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында «Канело» төрешілер шешімімен америкалық Дэниэл Джейкобсты (35-3, 29 КО) жеңіп, одан IBF белбеуін тартып алған еді.
Альварестің бапкері боксшы рингке қыркүйекте Мексиканың тәуелсіздік күні оралып, тағы да T-Mobile аренасында жұдырықтасады деп ойлайтынын айтты. Рейносо «Канелоның» қарсыласы Головкин бола ма деген сұраққа «жоқ» деп жауап берді. «Менің мақсатым - титулдар үшін жұдырықтасу», - деп қостады бапкерінің сөзін Альварес.
Абсолют атану үшін соңғы WBO белбеуі Деметриус Андрадеде екенін атап өткен мексикалық боксшы онымен қыркүйектің ортасында жұдырықтасуы мүмкін екенін айтты.