Күш қолданылатын спорт түрлерінен жыл сайын өтетін жарысқа биыл алғаш рет каратэ қосылды. Аталған спорт түрінен алматылықтарға тең келер ешкім болмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, шаһардың таэквондо құрамасы алтын алқаға ие болды. Ұлттық Олимпиада комитетінің ұйымдастырумен жарыс биыл төртінші мәрте ұйымдастырылды.
Спорттың 7 түрінен Қазақстанның түкпір-түкпірінен 250-ге жуық спортшыны жинаған дүбірлі дода Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Онда 17 команда өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсекені боксшылар бастады. Финалда Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының былғары қолғап шеберлері кездесті. Сегіз салмақта күш сынасқан қос өңірдің спортшылары арасындағы бәсеке тартысқа толы болды. Нәтижесінде Түркістан облысының құрамасы қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсіп, өз тарихында үшінші мәрте кубокқа қол жеткізді. Шешуші сында 91 келіде Абзал Құттыбеков Айбек Оралбайды жеңді.
«Шешуші кездесу тартысқа толы болды. Қарсыласым да оңай боксшы емес. Осымен екінші рет кездесіп жатырмыз. Екеуміз де бір-біріміздің әдіс-айламызды білеміз. Кім рингте көп жұмыс істейді, сол жеңеді ғой», – деді Боксконфедерациясы кубогының жеңімпазы Абзал ҚҰТТЫБЕКОВ.
Жарыс одан әрі белдесумен жалғасты. Финалда қазақ күресінен орталық армия клубын жеңген Алматылық «Qazaq kuresi» клубы мен қарағандылықтардан айласын асырған Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар арландары» белдесті. Қызылжарлықтар жарыс қожайындарын айқын басымдықпен жеңіп, кубогы иегерлері атанды.
«Нұрғали Тұрсынғазиев ақтық сындағы шешуші белдесуде өте тартысты бәсекеде басымдылықпен алға шығып, өте әсерлі жеңіс сыйлады. Шәкіртіме өте қуаныштымын. Баршаңыңызға, әсіресе жарысты ұйымдастырушыларға рақмет», – деді QYZYLJAR ARLANDARY спорт клубының жаттықтырушысы Дамир БЕКБОСЫНОВ.
Жылдың ең айтулы спорттық шарасында алматылық таэквондошылар алдына жан салмады. Олар финалда Алматы облысының құрамасына айласын асырды. Ал, биыл жаңадан қослыған Олимпиадалық каратеден алматылықтарға тең келер ешкім болмады. Финалда Маңғыстау облысының спортшыларын 3:2 есебімен жеңіп, Конфедерация кубогін қанжығалады.
«Қарсыластарым, әрине мықты. Жақсы дайындалдық. Осының алдында Испанияда сбор болды. АИБА-да сбор болды. Осы жарысқа жақсылап дайындалдық. Қарсыластарымыз ең мықты осы Маңғыстау болды. Біз бәрімізді білеміз. Қазақстанда шет елде бір-бірімізбен шыға береміз», - деді каратеден конфедерация кубогының жеңімпазы Дидар ӘМІРӘЛІ.
Жылдың ең маңызды спорттық шарасының жүлде қоры да қомақты. Үздік атанған командалар 12 млн теңгеге ие болса, 2-орын иеленгендер 7 млн, ал 3 орын иегерлеріне 3 млн теңге табысталды.