Қазақстандық жүзу шебері Дмитрий Баландин Токио Олимпиадасына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық олимпиада комитетінен түскен мәліметке қарағанда, Д.Баландин Халықаралық су спорты түрлері федерациясының (FINA) Champions Swim Series атты жаңа турниріне қатысты.
Әлемдік жарыстың бірінші кезеңі Гуанчжоуда өтті. Брасс әдісімен 200 метрге жүзу сайысында қазақстандық спортшы 2:09.37 нәтижемен төртінші орынға ие болды. А нормативінің уақыты - 2:10.35. Осылайша Д.Баландин жолдаманы жеңіп алды.
Бұл қашықтықта 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, ресейлік Антон Чупков 2:07.48 уақытымен топ жарды. Екінші орында қытайлық Цин Хайянь. Оның уақыты - 2:08.31. Жапониялық Иппэй Ватанабэ 2:09.33 көрсеткішімен үшінші орынға ие болды.
Дмитрий Баландин сондай-ақ 4х100 метр аралас эстафетасына қатысып, онда қола жүлдеге қол жеткізді. Champions Swim Series жарысының бәсі жоғары, онда тек арнайы шақырту алған кіл мықтылар ғана бақ сынай алады.
Бұл жаңа турнирдің екінші кезеңі 11 мамырда Будапешт қаласында өтеді. Әлемдік серияның соңғы кезеңі 31 мамыр мен 1 маусым аралығында АҚШ-тың Индианаполис қаласында болады.
Еске сала кетейік, брасс әдісімен 200 метрге жүзу сайысы - Дмитрий Баландиннің оң жамбасына келетін жарыс. Дәл осы қашықтықта ол 2016 жылы қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, қазақстандықтар арасында жүзуден тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанған болатын.