Жас шахматшылар елге оралды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Алматылық Елназ Қалиахмет күміс жүлдені жеңіп алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ жастары дүбірлі додада жүзден жүйрік шықты. Италияның Монтесильвано қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық жас шахматшылар үш медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Екі аптаға созылған сайыста ел құрамасынан Алдияр Аңсат 11 турдан кейін 8,5 балл жинап, 18 жасқа дейінгі ерлер арасында қола жүлдегер атанды. Ал 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Елназ Қалиахмет 9 ұпаймен күмісті жеңсе, 16 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Алуа Нұрманова 3-орынды иеленді. Бір емес, бірнеше медальді қанжығаға байлаған отандастарымыз жексенбі күні елге оралды. Чемпиондарымызды Алматы халықаралық әуежайынан жақындары мен жанкүйерлері құшаққа толған гүлдерімен күтіп алды. Қазақстан шахмат федерациясының басшылығы «бұл – бұрын соңды болмаған жетістік» деп атап өтті.

– Турнир қиын болды. Менің қарсыластарым менен бір жас үлкен болды, жеңіл болған жоқ. Менімен жасы қатарлас он бес адам болды , – деді шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Елназ Қалиахмет.

Айта кетейік, дүбірлі дода жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Бұл жолы Италияда ұйымдастырылған сайыста 92 мемлекеттен келген 14 жастан 18 жасқа дейінгі 800 ойыншы бағын сынады. Соның ішінде 80 қатысушы елімізден барған еді. Жүзден жүйрік шыққан үш жеңімпаздың екеуі – Алматы қаласының оқушысы.

– Қазақстан үшін бұл –  үлкен жетістік. Себебі алғаш рет бірден үш медаль алдық. Жасөспірімдер арасындағы жарыс болды. Бұған дейін Египетте 8-12 жас аралығындаға балаларға арналаған әлем біріншілігі өткен. Данис Қуандықұлы10 жасқа дейінгі категорияда бірінші орын алған еді, – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Оқи отырыңыз: Отандық ғалымдар электромобильге арналған қуаттау станцияларын шығарады

Новости партнеров