Футболдан Қазақстан құрамасы Молдовамен қарымта ойында жеңіске жетті. Осылайша, отандастарымыз Ұлттар лигасының С дивизионындағы орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Астана Аренада» өткен матчтың негізгі уақытында молдовалықтар 1 гол соғып, нәтиже соңына дейін өзгермеді. Алайда қос ойын қорытындысы бойынша жалпы есеп 2:2 болды. Кейін пенальти сериясы белгіленіп, Қазақстан құрамасы 5:4 есебімен қарсыласынан басым түсті.
Ал Қазақстан жастар құрамасы Шотландиямен ойнап, Еуропа чемпионатының іріктеу аясындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді. Орталық стадионда өткен матчта Қайрат Нұрдәулетовтің шәкірттері 2:0 есебімен ұтылып жатып, соңғы уақыттарда камбэк жасап, 2:2 нәтижесін тіркеді. Ұлттық құрама сапынан Еркебұлан Сейдахмет 71-ші минутта пенальтиден есеп айырмасын қырқартса, ойынның 95-ші минутында Абылайхан Жұмабек көзге түсті.