Алматыда мұғалімдер арасындағы қазақ күресінен «Ұстаз барысы» жарысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv
Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған сайыстың басты мақсаты – қазақ күресін дамытып, ұстаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Ақтық мәреге шаһардың 8 ауданынан 4 салмақ дәрежесі бойынша 80-ге жуық ұстаз қатысып отыр. Олар – аудандық кезеңде өзгелерден оза шауып, жүзден жүйрік шыққандар.
– Мұғалімдердің арасында өнерлі де спортқа бейім азаматтар көп екенін білеміз. Солардың талантын көрсету үшін жарыс ұйымдастырылып жатыр. Жеңімпаздарға қомақты сыйлық беріледі, – деді «Ұстаз» алматы қалалық жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төраға кеңесшісі Қожахмет Назарбетов.
Айта кетейік, дүбірлі дода биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Былтыр педагогтар екі салмақ дәрежесінде сынға түссе, биыл олардың саны екі есеге артқан. Ал «Ұстаз барысы» атанған мұғалім қаржылай сыйлыққа ие болып, арнайы белбеу тағады.
– Қазақ күресін, ұлттық құндылығымызды дамыту мақсатында жарыс ұйымдастырдық. Жарыстың өтуіне Алматы қалалық жергілікті «Ұстаз» кәсіподағы мен Қазақ күресі федерациясы ұйытқы болды. Мұғалімдер дайындықпен келді, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибе орталығының директоры Бақтияр Елемесов.
Оқи отырыңыз: Босктан Қайрат Рысқұлбековті еске алуға арналған турнир өтті