Алматыда джиу-джитсудан мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Додаға Қырғызстан, Өзбекстан мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өрендер қатысты. Спортшылар екі күн бойы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Дүбірлі доданың өтуіне қалалық Джиу-джитсу федерациясы мұрындық болған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық іс-шараның мақсаты – ұлы тұлғаны өскелең ұрпаққа өнеге ету.
– Еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан тұлға Дінмұхамед Қонаевты еске алуға бағытталған іс-шара өтті. Бүгін жарыстан кейін турнирге қатысушылар қоғам қайраткері жайлы мәліметтерді іздеп, ол кісіні тани түседі деген сенімдемін. Сайыста мыңға жуық жас спортшы бағын сынайды. Додаға 4 жастағы бүлдіршіндер де қатысты, – деді қалалық мәслихат депутаты, қалалық джиу-джитсу федерациясының президенті Руслан Ыдырысов.