Серроне ирландиялық Конор МакГрегордан жеңілген соң, ауруханаға жіберілді. Бұл туралы ESPN журналисі Ариэль Хелвани Twitter желісінде жазды, - деп хабарлайды tengrinews.kz.
АҚШ-тың Лас-Вегастағы T-Mobile Arena кешенінде UFC 246 турнирінің басты кездесуінде Конор МакГрегор (21-4) мен америкалық Дональд Серроне (36-13) айқасты. Жекпе-жектен соң жеңіліске ұшыраған америкалық файтер спортпен қоштаспайтынын айтты.
«Конор жекпе-жек бастала сала жойқын соққыларымен мені тығырыққа тіреді. Мен мұндайды күтпедім. Ары қарай не болады дейсіздер ғой? Мен осы спорт түрін жақсы көремін, айқасты жалғастырамын», - деді Серроне. Алайда жекпе-жектен соң америкалықтың ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Басқа мәліметтер әзірге жоқ. Жекпе-жек барысында оның мұрны сынған.