Алматыда өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионаты басталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жасөспірімдер арасындағы дода 4 күнге созылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде тұңғыш рет өртсөндіру-құтқару спортынан жасөспірім ұлдар арасында XIII және жасөспірім қыздар арасында IX әлем чемпионаты басталды. Сайыстың шымылдығы Алматыда қатысушы командалардың салтанатты шеруімен ашылды. Дүбірлі дода қала әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің мұрындық болуымен 4 күнге созылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда аталған санаттағы спорттық іс-шара үшінші рет өтуде. 2014 және 2021 жылдары әлем біріншіліктері өтсе, чемпионат биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

– Спорттық мектепте және Төтенше жағдай департаментінің базасында жасөспірімдер секциялары жасақталған. Қысқы және жазғы чемпионат өтеді. Іріктеп ҚР командасын құрамыз. Халықаралық конференцияда биылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өтетіні айтылған. Әлемдік дода былтыр Ресейде, алдыңғы жылы Белорусьте өтті, – деді Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының атқарушы директоры Дәурен Данаев.

Спортшылар өртті сөндіру тәжірибесінде қолданылатын түрлі сынақтарды еңсеруге тырысады. Алғашқы екі кезеңде әр қатысушы жеке бақ сынасса, жарыс межесін командалық сайыспен аяқтайды. Биылғы чемпионатта Беларусь, Болгария, Қазақстан, Ресей, Словакия, Чехия елдері өзара тайталасқа түседі.

– Еліміздің тізгінін ұстап жасөспірім ұлдар арасынан екі құрама және жасөспірім қыздар арасынан екі команда қатысқалы отыр. Чемпионатқа іріктеліп отырған спортшының барлығы – кіл мықтылар. Финалда үздік құрама белгілі болады, – деді Өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионатына қатысушы елдің өкілі Сергей Лапанович (Беларусь Республикасы).

Үздік жас өрт-сөндіруші атағы үшін 70-тен астам спортшы бақ сынасады. Оқу мұнарасына баспалдақтармен көтерілу кезеңі бойынша қазақстандық командалар үшінші орынға жайғасты. Ал жасөспірім қыздар арасында отандық Анастасия Бунякина үздік нәтиже көрсетті.

– Бұған дейін де жеңімпаз атанып жүрдім. Бұл жолы да жүлделі орын алғаныма қуаныштымын. Алдағы күндері болатын сайыста ел үмітін ақтаймыз, – деді Жасөпірім қыздар арасындағы чемпионаттың жүлдегері Анастасия Бунякина.

Елімізде өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша 20 ерлер, 14 әйелдер және 16 жасөспірімдер командасы бар. Ал жас спортшылар келешекте  Азаматтық қорғаныс академиясына, Төтенше жағдайлар министрлігіне қалауы бойынша жұмысқа орналаса алады. 

Әйкерім Пернебек, Айғаным Ахунбай, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Талдықорғанда «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

Новости партнеров