|
18.04.2022 | 16:30
5999

Алматыда өткен жартылай марафонға 5 500 адам қатысты

21 шақырым жүгіріп өткендер 350-450 мың ақшалай сыйлықпен марапатталды

Алматыда өткен жартылай марафонға 5 500 адам қатысты Almaty.tv

Алматыда жартылай марафон өтті. Тұңғыш Президент саябағынан басталған жарысқа 5 500 адам қатысып, рекордтық көрсеткіш орнатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Желаяқтар қала көшелерімен жүгіріп өтіп, орталық стадионға дейін жетті. Дәстүрге айналған спорттық шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысып, мұндай игі бастамалардың қашанда қолдауға ие болатынын жеткізді. Жүгіру алаңынан жеткіншектер мен жасы 80 жастағы егде кісілерді де байқауға болады. Бәрі де спорт пен салауатты өмір салтын жанына серік еткендер. Олардың қатарында жүгіруден түрлі дәрежедегі спорт шеберлері, жеңіл атлеттер және жүгірумен әуесқой түрде айналысатындар бар. Марафоншылар қатарына «Алматы» телеарнасының түсірілім тобы да қосылды. Әл-Фараби даңғылы бойынан басталған марафон - Абай даңғылындағы орталық стадионға дейін жалғасты. Осы аралықтағы жолдар жабылып, қоғамдық көліктер уақытша тоқтатылды. Айналасы бір сағаттың ішінде алғашқы 10 шақырымды жүгіріп өткендер мәре сызығына келіп те үлгерді.

«Жүгіру керек. Денсаулыққа өте пайдалы. Мен Алматы қаласында №32 емханда дәрігермін», – деді марафонға қатысушы Жаңаберді Ыбыраев.

«Шымкент қаласының тұрғынымын. Керемет әсер алдым. 1 сағат 20 минутта жүгіріп келдім. Арасында әдемі қала көрінісі мен гүлді де суретке түсіріп үлгердім», – деді марафонға қатысушы Әсел Тұрахмет.

Соңғы кездері Алматы марафонына алыс-жақын шет елден арнайы келетіндердің де қатары артқан. Ұйымдастырушылар көпшілікті қызықтырған спорттық шара шамамен 5 жылдың ішінде ауқымын кеңейтті дейді.  

«Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан өзге де түрлі елден келіп жатыр. Бүгін жарысқа 5 500 адам қатысып отыр. Оның ішінде тең жартысы 10 шақырымға, қалғаны 21 шақырымға жүгірді. Скандинавиялық жүріс бар және денсаулық ерекшелігіне байланысты арбамен қатысатын спортшыларда бар. Жарыс өте қызықты өтіп жатыр, қуаныштымыз», – деді ұйымдастырушы Иса Қалқа.

10 шақырым жолды бәрінен басып озып, бірінші келген Денис Степаненко жеңімпаз атанды. Ал әйелдер арасында Екатерина Грицай алғашқы болып келді. 21 шақырым жүгіріп өткендер 350-450 мың ақшалай сыйлықпен марапатталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир