Тараздық әскери азамат жаңа рекорд орнатып, көпті таңқалдырды. Балқашта өткен Қарулы күштер қызметкерлері арасындағы көпсайысты жарыста снайперлер взводының командирі Евгений Нам серіппеге 152 рет тартылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл көрсеткіш еліміздің рекордтар кітабына тайға таңба басқандай жазылып отыр. Оңтүстік Өңірлік қолбасшылығы сарбазды салтанатты түрде қарсы алып, ерекше қошемет көрсетті.
– Жетістігімнің ешқандай құпиясы жоқ. Рекорд орнату үшін негізі жаттығуды көп жасап, алдыңа қойған мақсатқа жету керек, – деді мергендер взводының командирі Евгений Нам.
Сарбаз бұл көрсеткішпен тоқтамайтынын айтты. Жаттығуларды жалғастырып, жаңа жетістіктерді бағындырмақ ниетте.
Айта кетейік, аталған байрақты бәсекеде Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы командалық есепте бірінші орынды иеленді.
– Жауынгер досымыз Женя үшін өте қуаныштымыз. Ол біздің бригаданы және де Оңтүстік өңірлік қолбасшылығын үнемі алға сүйрейді. Жеңіске жетіп, үнемі бізді қуантып жүреді. Осындай сержантпен бір қатарда, бір сапта бой түзеп, жүргенімізді абырой санаймыз, – деді мергендер взводының сержанты Қайрат Исақов.
Оқи отырыңыз: СҚО-да полиция ғимаратының маңынан ер адамның мәйіті табылды