Қытайдың Ченду қаласында өтіп жатқан Жазғы универсиадада отандастарымыз толағай табыстарға қол жеткізіп жатыр. Жаһан елдері жарысқа түскен ХХХI ойында спорттық гимнастикадан Милад Карими чемпион атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биылғы жазғы универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салған Рита Бакишева таеквондоға алты жасында келген. Ойда жоқта спортты ермек қылған қыз айналасы 13 жылдың ішінде ел абыройын әлемдік додада асқақтатып келеді. Кезекті жеңісімен құттықтап, әуежайдан күтіп алған чемпионның жақындары да оның бұл толағай табысын тұрақты жаттығудың нәтижесі екенін айтты.
– Мен оны бастапқыда биге бергім келген. Әкесі таеквондоға апарды. Рита жетістікке жете бастады. Жаттықтырушысы Айбол ағай «қызыңызды мен жаттықтырайын» деді. Сол кісінің арқасында бүгінде қуанып отырмыз, – деді Р. Бакишеваның анасы Әлфия Тастанбекова.
– Екі ай өткенде жай дайындалып, оны жарысқа алып бардым. Рита екінші орын алды. Рита келесі жылы балалар арасында Қазақстанның чемпионы болды. Одан кейін кадеттер арасында чемпион, Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері болды. Бұл – Қазақстандағы оныншы жетістігі, – деді таеквондодан ересектер құрамасының аға-жаттықтырушысы Айбол Рысмендиев.
«Бұл сайыстағы ең қиыны – қытайлық Тайбэйден келген спортшымен талас болды» дейді чемпион. 48 келі салмақтағы тартыс алтын медаль үшін өткен.
– Медаль алуым керек деген оймен ояндым. Екінші кезеңде ұтқан кезде, «алтын» менікі екенін сездім. Осы айдың соңына қарай Гран-приге шығып көреміз. Одан кейін әлем чемпионаты, Азия ойындары сияқты жарыстарға қатысамыз. Осындай жарыстан орын алып тұрғандықтан, олимпиадада медальға жету – менің ең басты мақсатымның бірі, – деді Таеквондодан дүниежүзілік жазғы универсиаданың жеңімпазы Рита Бакишева.
Чемпионды қарсы алу барысында елге келген жаттықтырушылар кезекті жаңалықты сүйіншілей хабарлады. Сонымен, Қазақстан қоржынында жалпы, 20 жүлде бар. Екі алтын, жеті күміс және 11 қола медаль.
– Қазір де жақсы жаңалық естідік. Спорттық гимнастикадан бүгін Карими Милад спортшымыз алтын алды. Қазақ елінен аттанған спортшылардың көрсеткіші жоғарылауына үлес қосты. Оның алдында оқ ату спортынан спортшыларымыз бір күміс, бір қола медаль алған болатын, – деді Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Еркін Қазыбаев.
Қоса кетейік, Қазақстан құрамасы ХХХI Жазғы универсиада ойындарында спорттың 11 түрі бойынша бақ сынайды. Ел намысын қорғауға 93 атлет аттанған.
Мадина Оқас, Айдана Нұраш, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматының Алмалы ауданында балалар алаңы ашылды