Қазақстан құрамасы Қытайда өткен әскери ойындардан табысты оралды

Қазақстан құрамасы Қытайда өткен әскери ойындардан табысты оралды
109 ел қатысқан бәсекеде Қазақ әскерінің құрамасы 11 спорт түрі бойынша сынға түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әскери спортшылар елге оралды. Қытай халық республикасында аяқталған Бүкіләлемдік әскери ойындарда Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетті. 4 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен жалпы командалық есепте халықаралық доданы 12 орынмен аяқтады. 109 ел қатысқан бәсекеде Қазақ әскерінің құрамасы 11 спорт түрі бойынша сынға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Осыған дейін бұл ойындар 2015 жылы Оңтүстік Кореяда өткен болатын. Сонда 107 мемлекеттен сол кезде 12 орынға тірелгенбіз. Жарыс алдында спортшылар құрамын іріктеген бетте сол кездегі көрсеткіштен төмен алмауды жоспарлаған болатынбыз», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Айталап КҰРҒАМБАЕВ.

Қытайдың Ухан қаласында өткен жетінші Бүкіләлемдік әскери ойындарда Қазақстан намысын 103 спортшы қорғады. Олар 10 спорт түрі бойынша сынға түсіп, қоржынға 12 медаль салды. Оның 4-і алтын, 3-і күміс, 5-і қола. Алтыннан алқа таққандардың бірі – таэквондошы  Руслан Жаппаров.    

«Жарыс өте жақсы өтті. Көңіл-күй керемет, алтын медальмен оралдым. Бұл медальды өз Қазақстан халқыма арнаймын. Финалда әлемдік рейтингте №1 спортшымен шықтым. Осы жылғы әлем чемпионы, Еуропа чемпионы. Соны Голден-скор, қосымша 4 раундта жеңдім», – деді VII Бүкіләлемдік әскери ойындардың чемпионы Руслан ЖАППАРОВ.

Әрбір спортшы үшін бұл жарыс – Олимпиада ойындары алдындағы дайындықтарын тағы бір мәрте пысықтау. Келер жылы Жапонияда өтетін жазғы ойындарда осы жолы жүлдегер атанғандар қатысып қалуы әбден мүмкін.

  

Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы 

Новости партнеров