Алматыда алғаш рет салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «TARTYL FEST» турнирі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаламыз аламанда ең көп қатысушы жинап рекорд орнатты. Спорт жобасы ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қорының бастамасымен қолға алынды. «TARTYL FEST» турнирі алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде өтпек.
Республика сарайының алдына жиналған қатысушылар турнирге асқан дайындықпен келген. «TARTYL FEST» турнирінде Алматы ең көп қатысушы жинап рекорд орнатты. Кіл мықтылар күш сынасқан сайысқа қала әкімдігі мұрындық болды.
«Бүгінгі спорт мерекесімен әкімдік атынан баршаңызды құттықтаймыз! Талаптарыңызға нұр жаусын. Алматы қаласының әкімдігі, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осындай жастарды, спорт сүйер қауымды ынталандыруға дайын», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Еліміз бойынша тұңғыш өтіп жатқан «TARTYL FEST» әртүрлі жастағы қатысушыларды қамтып жатыр. Дәл осы ортада қазір төрешілер өздерінше баға беріп, қатысушылардың қанша тартылғандарын тіркеп отыр. Бүгінде бізге берген ақпарат бойынша 2000 мыңға жуық қатысушы белсене атсалысып жатыр екен.
«16-17 рет тартылдым. Менің мақсатым – жанкүйер болып отырған азаматтарға, артымыздан еріп келе жатқан балаларға, менің немерелеріме мотивация беру. Осыдан бір жүлде ұтып алайын, орын алайын деп келген жоқпын», – деді жарысқа қатысушы Оразбек Жантекеев.
Жаңа жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға да мүмкіндік сыйлап, бақ сынасуға орта жасап берді. Ондағы мақсат - салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақ қалыптастыру.
«Жарысқа ұнағаны біреуден артық, біреуден кем тартыласың, бірақ әділ», – деді жарысқа қатысушы Әлішер Жәдігеров.
Турнир әділ өтуі үшін, темірге тартылу принципі кеуде тұсына дейін толық жетуі керек. Білектің бүгіліп-ашылуы анық көрінгенде ғана төреші ұпай береді. Ал аталған айтулы шараның ұйымдастырушысы актер, «Дара» таланттарды қолдау қорының жетекшісі Нұрлан Қоянбаев тартылу ешқандай дайындықты, спорттық жабдықты қажет етпейді, тек ниет керек дейді.
«Бұл жерде ешқандай ұяты жоқ, 2 не 5 рет тартыламыз ба? Қатысыңыздар, ең бастысы бұл – орта», – деді актер, «Дара» таланттарды қолдау қорының жетекшісі Нұрлан Қоянбаев.
Жарыстың қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Мейіржан Мұңашбай 40 рет тартылып топ жарса, 30 жасқа дейінгі топта Медет Күзембаев рекорд орнатты. Бірінші орын иегерлері 200 мың теңге ақшалай сыйақы алды. Айта кетейік, «TARTYL FEST» турнирі 6 қыркүйекке дейін еліміздің өзге аймақтарында өтеді деп жоспарланып отыр.
Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы