Алматыда жүгіруден жартылай марафон өтті. Жарысқа салауатты өмір салтын ұстанатын 5 мыңнан астам адам қатысып, үлкен марафонға дайындықтарын пысықтады. Қатысушылар Тұңғыш Президент саябағынан бастап, Орталық стадионға дейін 10 және 21 шақырымдық қашықты жүгіріп өтті. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов айтып берсін.
Қазір марафоншылар осы жарыстағы ең үлкен қашықтық 21 шақырымға жүгіруді бастап кетті. Ұйымдастырушылар жүгірудің бұл түріне 1500-ден астам қатысушы өтініш білдіргенін айтады. Олардың арасында белгілі альпинист Мақсат Жұмаев та бар. Ал, марафон жеңімпазы Орталық стадионда белгілі болады.
Жартылай марафон жарысын жүгіруді күнделікті дағдыға айналдырған қала тұрғындары асыға күткені анық. Себебі спортшылар пандемияға байланысты мұндай ауқымды шаралардан 1 жылға жуық қол үзіп қалған еді. Спортшылар таңғы сағат 07.00-ден бастап жүгірудің 2 түрі бойынша 10 мен 21 шақырымға және скандинавиялық жүріске қатысты.
«Марафонға командамызбен қатысып жатырмыз. Қазір өзімізді жақсы сезініп, энергиямыз тасып тұр. Сондықтан да ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», – деді марафонға қатысушы Алексей Кравцов.
«Осы марафонға 3-рет қатысып жатырмын. Яғни, скандинавиялық жүрістен. 2 ай дайындалдым десем болады», – деді марафонға қатысушы Лимара Алмағамбетова.
«50 жасқа толғанда бірінші рет қатыстық. Әуелі досым ұсыныс жасады 50 жылдығымызды марафонға қатысып атап өтейік деп. Сонда 10 км-ге жүгірдік. Бүгін де 10-ға жүгірдім», – деді марафонға қатысушы Ғалым Молдағожанов.
Одан бөлек марафонға жүгіруден халықаралық додаларда еліміздің және қаламыздың намысын қорғап жүрген кәсіби спортшылар да қатысып, өздерінің жарыс алдындағы дайындықтарын пысықтады.
«Жүгірумен айналысқаныма 7 жыл болды. Ал, марафонға 1 жыл бойы дайындалдық. Бұл жарысқа 4 рет қатысып жатырмын. Аллаға шүкір, барлығында орынға ие болдым», – деді спортшы Нұрысбек Сексенбай.
Ал, еріктілер спорттық шара кезінде жарақат алып немесе шаршап қалған қатысушыларға алғашқы көмек көрсетіп, соңына дейін қолдау білдірді. Енді ұйымдастырушылар мұндай жарысты 18 шілде мен күз айларында өткізуді жоспарлап отыр. Айта кетейін марафоннан түскен қаржы толықтай қайырымдылыққа жұмсалады.
«Бұл марафонның негізгі мақсаты – адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Өздеріңіздің бойыңыздағы жалқаулықты жеңіп, бізбен бірге болыңыздар. Ертеңнен бастап жақын арада өтетін жазғы марафонға тіркелу ашық екенін айта кеткім келеді. Баршаңызды қатысуға шақырамын», – деді ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева.
Осылайша,жартылай марафонға қатысқандардың барлығы да мойындарына күміс медаль тақты. Оның мәні – өзіңді жеңіп, әрқашан бірінші болуға ұмтылу.
Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы