|
10.12.2021 | 16:33
574

Алматылық жас триатлоншылар енді жылы залда дайындала алады

Қалада триатлон залы пайдалануға берілді

Алматылық жас триатлоншылар енді жылы залда дайындала алады Almaty.tv

Алматыда триатлон залы ашылды. Енді қаламыздың жас спортшылары қыс мезгілінде велосипед тебу үшін сыртқа шықпай-ақ, жылы жерде дайындалады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында пайдалануға берілген орталықтың ашылу рәсіміне жергілікті спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітовтен бастап осы салада жетістікке жеткен белгілі триатлоншылар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Алматы – триатлон спорты елімізде ерекше дамыған қала. Бұдан жетістікке жету үшін аты атап тұрғандай 3 бағытта, яғни жүзу, жүгіру және велосипед тебуден мықты болуың керек. Алматы аренада ашылған кезекті зал болашақ әмбебап спортшылар үшін таптырмас мүмкіндік. Қазіргі уақытта мұнда 50 бала жаттығады.

«Өскенде жүгіруден, жүзуден және велосипедтен олимпиада чемпионы болғым келеді. Мен бұл спортты қатты жақсы көремін әрі қатты қатысқым келеді», – деді жас спортшы Айтуған Құмықбаев.

Айта кетейік, бүгінде Алматының атынан өнер көрсететін 10 триатлоншының 8-і Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүр. Осы уақытқа дейін қаламыздан бірнеше Азия чемпионы мен Еуропа біріншіліктерінің жүлдегерлері шығыпты.

«Көріп тұрғаныңыздай, мұнда жас спортшылардың арасынан іріктеліп шыққан үздіктері ғана дайындалады. Балалардың барлығы бұрыннан бірге дайындалып, жаттығу жасап жүр. Олардың көпшілігі – қалалық деңгейде топ жарып жүрген спортшылар», – деді Алматы триатлон федерациясының мүшесі Валихан Тен.

Мамандар келесі жылы Алматыда триатлон спортынан жасөспірімдер арасында бірнеше жарыс өткізуді жоспарлап отыр. Іріктеуден іркілмей, сайыстардан сүрінбей өткен жас спортшыларды халықаралық чемпионаттарға апарып, тәжірибе жинатпақ.

Велосипед тебу – шыдамдылықты қажет ететін спорт түрі. Триатлон олимпиада ойындарының құрамында болғандықтан, балалар арасында қызығушылық жоғары. Кім біледі, мүмкін араларынан Дмитрий Гааг сынды әлем чемпиондары шығып қалар.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир