|
20.02.2023 | 17:01
722

Үстел теннисінен 14 дүркін чемпион атанған спортшы жайлы не білеміз

Мүмкіндігі шектеулі болса да, Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген ер бар

Үстел теннисінен 14 дүркін чемпион атанған спортшы жайлы не білеміз Almaty.tv

Мүмкіндігі шектеулі болса да, Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген ер бар. Ол үстел теннисінен елде 14 дүркін чемпион атанған Тоймұрат Ешімов. Байрақты бәсекелерде де топ жарып, ел намысын қорғап жүрген паралимпиадашы Түркістан облысында тұрады. 40 жыл бойы спортты жанына серік еткен ол тек жаттықтырушы емес, ерекше заттарды жинаумен де айналысады. Қазір оның жеке қорында 60-қа тарта магнитофон мен мыңнан аса кассета бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ерекше жандар арасында үстел теннисінен 14 дүркін ел чемпионы Сайрам ауданында тұрады. Тоймұрат Ешімовтың бұл спортқа деген қызығушылығы 6-сыныпта оянған. 2008 жылдан бастап Республикалық жарыстарға қатысқан ол байрақты бәсекелерде де топ жарып, ел намысын қорғап қайтқан.

«2008 жылы Павлодар қаласында бірінші рет паралимпиадаға қатысып, ел бойынша 1-орын алдым. 2010 жылы Қазақстан ұлттық құрамасына кірдім. 2017 жылы Венгрияда өткен турнирден сертификат ұтып алып, Словакияда өтетін әлем чемпионатына қатыстым», – деді спортшы Тоймұрат Ешімов.

Ерік-жігері мұқалмаған чемпион спорттан бөлек музыкаға құштар. Ол жастайынан түрлі аспапты жинай бастаған. Қазір оның жеке қорында 1000-нан аса кассета сақталып тұр. Соның ішінде 1999 жылы өзі арнайы жазып алған таспалар да бар.

Сондай-ақ Тоймұрат Ешімовтың кішігірім қорында өткен ғасырдың үтігінен бастап, 60-қа тарта магнитофоны бар. Оған қоса қазір табыла бермейтін Жапониядан шыққан музыка ойнатқыштар да кездеседі. Олардың бірін өзі сатып алса, енді бірін достары сыйға тартқан екен. Спортшы қолы қалт етсе осында келіп, техникаларды жөндеумен шұғылданатынын айтады.

«Бұл – Маяк. Мұның біреуін алу үшін ол кезде көп ақша керек еді. Қиын еді алу да. Ағаларымнан ақша сұрап жүріп алғаш рет 320 рубльге алған едім. Одан кейін романтиктерді сатып алдым», – деді спортшы Тоймұрат Ешімов.

Жасы елуден асқан ел ағасы қазір есімі елге белгілі жаттықтырушы. Мақсаты – өзі сынды спортты жанына серік еткен болашақ чемпиондарды тәрбиелеу. Сонымен қатар ол хоббиіне айналған ісін де тастамай, жеке коллекциясын үлкен мұражайға айналдыруды жоспарлап жүр.

Әсел Мәлік, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир