Қырғыз елінде қазақ баласының құрметіне грек-рим және еркін күрестен халықаралық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Байрақты бәсекеде олимпиада ойындарының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен қырғыз елінің палуаны Қанат Бегалиев төбе көрсетіп, қатысушыларды марапаттады. Жарысқа 10 түрлі салмақ дәрежесі бойынша 300-ден астам спортшы қатысып, бозкілемде бәсекеге түсті. Жарыстың ашылу салтанатына Алматы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, сонымен қатар бірқатар даңқты спортшылар келіп, қолдау көрсетті.
– Жарысты ұйымдастырып жатқан Қырғызстан мемлекетінің азаматтарына алғыс білдіремін. "Қазақ-қырғыз – бір туған" деп осындай құрмет көрсетіп жатқан ел азаматтарына алғысымыз шексіз. Қанат екеуіміз екі рет белдескен болатынбыз. Жасөспірім кезімде жеңіске жеттім. Кейін ересектер арасында халықаралық жарыста Қанат мені жеңген болатын. Спорт – әлем елшісі. Қай мемлекеттің спортшылары болса да, бір-бірімен дос болып, спорт арқылы байланысын жақсартып жатады, – деді олимпиада ойындарының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев.
Айта кетейік, қырғыз елінің палуаны Қанат Бегалиев пен Нұрбақыт Теңізбаев бозкілемде бәсекелес болса да, өмірде жолдас екенін жеткізді. Соның дәлелі ретінде қырғыз елі қос батырдың құрметіне 2 күнге созылған жарысты ұйымдастырған.
– Әлем чемпионатына барғанда қазақтар шықса, жүрегіміз бұрып тұрады. Нұрбақыт батырды Қазақстанда ғана емес, Қырғызстанда да сыйлайды. Өйткені Нұрбақыттың күресін көріп, үлгі алғандар көп. Қазақтың тарихы бай, Қажымұқаннан бастап Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың күресін көріп өстік. Мақсат – жас балаларға үлгі көрсету, – деді олимпиада ойындарының жүлдегері Қанат Бегалиев (Қырғызстан).
Оқи отырыңыз: Тәуелсіздік алғалы елімізге қанша қандас оралды