Өңірден 4 спортшы аттанып, 3 спорт түрінен сайысқа түседі
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызды бөлігінің бірі – «Бірлік керуені» жобасы. Аталған іске үлес қосу үшін Қызылорда облысынан арнайы делегация арқа төсіне аттанды. «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабылов бастаған керуенді Сыр бойы жұрты сән-салтанатпен шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Керуен сапары ескі заманның естелігі кетпей, Сауысқандық петроглифтері сақталған қарт Қаратаудың бауырынан бастау алды. Бұл жерден көшпенділер ойындарының басты нышаны және негізгі элементі – қасиетті су алынды. Әр өңірден жолға шыққан делегация торсыққа құйылған суды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында тайқазанға құяды. Бұл елдің бірлігін, тұтастығын және өзара ынтымақтастығын көрсетпек.
– Этноспортты дамыту арқылы халыққа тән тарихи ұстанымды насихаттау деп білемін. Спорттық ойындарды ғана емес, елдімекендердегі ерекшелікті паш етудеміз. Жетістіктерге жетейік! – деді «Бірлік керуенінің» елшісі Мұрат Сәрсенбаев.
– Туған елімнің абыройын арқалап барамын. Дайындық жаман емес. Тартысты додада ел намысын қолдан бермей, көк туымызды көкке көтереміз! – деді «Бірлік керуенінің» елшісі Мақсат Исағабылов.
Көш керуен үшін тарихи орынның таңдалуы да тегін емес. Мұнда мыңжылдықтардың мұрасы жатыр. Он мыңдаған бейне тас қола дәуірінен сыр шертеді. Сауысқандық шатқалына ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Балуандар бозкілемде белдесіп, білекті жігіттер аударыспаққа қатысты. Ал ат құлағында ойнайтын көшпенділер ұрпағы теңге ілуден топқа түсті. Әннің де, жырдың тиегі ағытылып, ұлттық өнер салтанат құрды. Тереңнен тамыр тартатын тарихи жерде дәстүр дәріптелді. Іле-шала облыс орталығына жеткен керуенге аймақ басшысы суға толы торсықты табыстап, сәт сапар тіледі.
– Көшпелі дала салтын дәріптеп, өңірден 4 спортшы аттанып, 3 спорт түрінен сайысқа түседі. Толағайларымызға жеңіс тілейік, ағайын! Көшпенділер ойындары, ұлттық сананы серпілтіп, тарихи жадын жаңғыртып, ел бірлігін бекемдейді. Сыр өңірінен Астана қаласына жол тартқан батырларымыз бен елшілеріміздің жолы болғай! – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Құрамында ұлттық спорттың майталмандары, меценаттар мен қоғам жанашырлары топтасқан «Бірлік керуені» елорданы бетке алды.
Айта кетейік, V дүниежүзілік көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Дүбірлі додаға 89 елден екі мыңнан астам спортшы қатыспақ.
Асқар Сәрсенұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: саяхатшы отбасы Ақтауға жетті