Алматыда дзюдодан Азия кубогы өтті

Sports.kz
Sports.kz
Жарысқа әлемнің 7 елінен 400-ге жуық спортшы қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дзюдодан жастар мен жасөспірімдер арасында Азия кубогы сарапқа салынды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додаға Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресейден барлығы 400-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі күнге созылған байрақты бәсекеде Азия кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес рейтингтік ұпайлар берілді.

«Бұл – Азия кубогы деңгейіндегі жарыс. Болашақ чемпиондарының қалыптасуына мұндай жарыстар ауадай қажет. Бүгін осы іріктеуден өткендер қыркүйек айында болатын Әлем чемпионатына қатысады», - дейді ұлттық құраманың жаттықтырушысы Жандос ҚОНЫСПАЕВ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, елімізде мұндай жарыстар өткізу – шетелдік дзюдошылармен достық қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ спортшыларымыздың шеберлігін шыңдауына мүмкіндік береді.

«Қазақстанда дзюдо қарқынды дамып келеді. Өйткені бізде халықаралық жарыстар жиі өткізіледі. Соның нәтижесінде басқа елдің дзюдошыларымен тәжірибе алмасқан спортшыларымыз шыңдалып жатыр», – дейді Халықаралық дзюдо федерациясының өкілі Жоһангер ТОШПУЛАТОВ.

Новости партнеров