Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін G тобында үшінші тур ойындары өткізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл топта Бразилия құрамасы плей-офф сатысына берілетін жолдама тағдырын бір тур бұрын шешіп қойды. Қалған екінші жолдамаға үш құраманың да үміті бар.
Аталған топтағы ойындар елорда уақытымен сағат 1:00-де өткізіледі.
Камерун мен Бразилия құрамаларының ойыны «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын Лусаил қаласындағы 88966 жанкүйерге арналған «Лусаил Айконик» стадионында болады. Бас төреші - АҚШ- тан келген Исмаил Эльфат.
FIFA рейтингінде Камерун - 43, Бразилия 1-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін алты мәрте кездесті. 2003 жылы Конфедерация кубогында Камерун аталған қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Қалғанында бразилиятардың мерейі үстем болды.
Аталған топтағы Сербия мен Швейцария кездесуі жанкүйерлер «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауына болады.
Ойын ел астанасы Доха қаласындағы 44089 жанкүйерге арналған «Стэдиум 974» стадионында өткізіледі. Бас төреші - аргентиналық Фернандо Рапальини.
FIFA рейтингінде Сербия - 21, Швейцария 15-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін бір мәрте кездесті. 2018 жылғы әлем чемпионаты топтық кезеңінде Швейцария аталған қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ бүгін, 2 желтоқсанда елорда уақытымен 21:00-де H тобында Гана мен Уругвай, Оңтүстік Корея мен Португалия құрамалары кездеседі.