Дүбірлі додаға қатысуға қазірдің өзі 90 мемлекет тіркеліпті
V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 65 күн қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дүбірлі додаға қатысуға қазірдің өзі 90 мемлекет тіркеліпті. Күні кеше бас қалада өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитінен кейін шетелдік БАҚ өкілдері де сайысқа қызығушылық білдіріп отыр.
Мемлекет басшысының жетекшілігімен биыл елордада екі бірдей маңызды оқиға жоспарланған. Бірі – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті болса, енді бірі – V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Алғашқы іс-шарадан соң дүбірлі доданы ұйымдастырушылар шетелдік қонақтарды көшпенділер ойындарымен таныстырды.
«Қатысамыз деген мемлекет өте көп. Көшпенділер өркениеті бәріне қызық, Қазір тіркелген 90 ел іс-шараның маңызды екенін көрсетеді. Бұл дүбірлі доданың ұйымдастырылуы, сайыстар өтетін орындар бәрі жоғары деңгейде болады деп сенімді түрде айта аламын», – деді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының жетекшісі Наиль Нуров.
«Жалпы қазіргі уақытта 89 елден делегация қатысуын растап жатыр. Жалпы біз оны 100-ге дейін жеткіземіз деген сенімдеміз. Жалпы қатысу саны делегация спортшылардың қосқан кезде 2 жарым мыңнан асады. Өзіміздің ұлттық құрама командамызды барлық дайындау жұмысын өткізіп, 200-ден астам спортшы қатысады деп күтіп отырмыз», – деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Күні кеше V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының дирекциясы Бейбітшілік және келісім сарайында саммитке қатысушылар үшін Ұлы Даладағы кездесу деп аталатын көрме ұйымдастырған еді. Ал бүгін шетелдік дипломаттар мен журналистер көшпенділер ойындарымен жақынырақ танысты.
«Мен Мемлекет басшыларының саммитіне келгенмін. Одан соң бұл мемлекетпен ары қарай танысқым келді. Көшпенділер ойыны расымен елдің мәдениетін, халқын, спортын жақынырақ тануға жақсы мүмкіндік. Экономикасы қарқынды дамып жатқан елдің салт-дәстүрге де ерекше қарайтыны қуантады», – деді Espanyol газетінің редакторы (Испания) Джордж Райа.
Айта кетейік, дүниежүзілік көшпенділер ойыны үшін бас қалаға шамамен 100 мың спортшы мен турист қатысады. Олар 21 ойын түрінен сайысқа түседі. Оның 11-і – қазақтың ұлттық ойыны.
Гүлмарал Изатқызы, Әсемжан Жүзбаева, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жөндеуге байланысты Масанчи көшесіндегі аумақ екі күнге жабылады