«Алматы марафоны» Орта Азиядағы ең ірі спорттық шаралардың біріне айналды

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Жарысқа әлемнің 53 елінен 17 мың адам қатысқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткен демалыс күндері Алматыда Орталық Азия бойынша ең ауқымды марафон өтті. Биыл осымен 8 рет ұйымдастырылған халықаралық спорттық шараға ресми түрде 17 мың адам қатысты, арасында әлемнің 53 елінен келген шетелдіктер де болды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жексенбі күні таңертең Алматыдағы Республика алаңына салауатты өмір салтын ұстанатындар жиналды. Ұйымдастырушылар оларға өз таңдауларына қарай 10, 21 және 42 шақырымға жүгіруді ұсынды. Ал, қала әкімі марафоншыларға сәттілік тіледі.

«Алматы қайырымдылық марафоны осымен сегізінші рет өткізіліп жатыр. Биыл 17 мың қатысушы тіркелген, ол былтырғымен салыстырғанда 3 мың адамға көп. Демек, марафонға қатысушылар саны жыл санап өсіп жатыр. Дәстүрге айналған бұл шара тек қаламыздың ғана емес, тұтас аумақтың абыройына айналды. Адамдар осы марафонға қатысу үшін жыл бойы дайындалады, денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын қалыптастырады», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек марафонның ашылу рәсімі кезінде.

Жарысқа қатысушыларға жайлы жағдай жасалғанын айта кету керек. Мәселен, белгіленген нүктелерде дәрігерлер, құтқарушылар мен тәртіп сақшылары кезекшілік жасады. Оған қоса, су ішетін пункттер де қарастырылды. Қолдауға келген жанкүйерлердің саны көп.

Он шақырымды алғаш болып Жамбыл облысынан келген жаттықтырушы еңсерді.

«Мұнда биік қырлар да бар, сондықтан ара қашықтықты жүгіріп өту оңайға соққан жоқ. Біраз тер төгуге туралы келді. Он шақырымды 31 минут 32 секундта еңсердім», - дейді марафоншы Дмитрий ИВАНЧУКОВ.    

Сондай-ақ, қатысушылар арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Соның бірі – 32 жастағы Сұлтан Балтабай. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан арбаға таңылған жігіт өзі таңдаған қашықтықты бағындырды.

«Жарысқа биыл 6-шы рет қатысып отырмын. Бүгін ауа-райы жаңбырлы болғандықтан, бізге сәл ыңғайсыз болды. Алайда, көңіл-күй тамаша», - дейді Сұлтан БАЛТАБАЙ.

«Алматы марафонының» ұйымдастырушылары алдағы уақытта қатысушылар санын 50 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұқара халық арасында олар салауатты өмір салтын осылайша насихаттамақ.

Айта кету керек, биыл Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған екі спорт алаңы салынады.

Жадыра Омаржан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров