Қазақстанның сенсациялық жеңісін барлық БАҚ жарыса жазып жатыр. Бірақ, бір сәтте әлем назарын аударта алған Қазақстан құрамасы қалған ойында ерлік жасай ала ма? Бұл сұраққа спорт шолушысы Жандос Айтбай жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақстан құрамасы кеше өзінің тарихи жеңісіне қол жеткізді деп айтсақ болады. Бұған дейін Қазақстан 4-5 кездесуде 2:0 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестірген екен. Бұндай жағдай алғаш рет орын алып жатыр. Еуропаның еңселі командаларының бірін ұтты. Енді мұны кәсібилік немесе кездейсоқ жеңіс деп қарастырсақ, кездейсоқ жеңістің өзі үлкен еңбекпен келеді. Мысалы, кешегі кездесуде біздікілер қол қусырып қарап отырса, еңсесі түсіп, жеңістің келуі екі талай еді. Жігіттер жұмыла кірісті, маңызды 3 ұпайды қоржынға салды. Словениямен ойындағы әттеген-айдың, олқылықтың осы ойында орнын толтырды. Енді былай қарастырсақ, 2 командамен ойнап тең түсіп, 2 ұпай алғанша, 1 команданы ұтып 3 ұпай алған маңызды. Енді кешегі кездесуде барлық жігіттер бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарды деп айтсақ болады. Алғашында даниялықтар 2 гол соғып алғаннан кейін босаңсып кеткені рас. Осы сәтті біздің жігіттер ұтымды пайдаланып, маңызды 3 ұпайды қоржынға салды», – деді спорт шолушы Жандос Айтбай.
Еуро 2024 турниріне қатысу үшін Қазақстанмен Словения, Дания, Сан-Маринодан бөлек, Финляндия мен Солтүстік Ирландия жолдамаға таласады.
«Қазақстан құрамасына Еуропа чемпионатына шығатын кез келді деп ойлаймын. Енді біз спортты ауылымыз аралас, қойымыз қоралас Өзбекстанмен салыстырамыз ғой. Мысалы, кеше ғана Өзбекстан жастар арасында Азия кубогын тұңғыш рет ұтып, Әлем чемпионатына жолдама алды. Ал Қазақстан құрамасына осы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алатын тамаша мүмкіндік бар. Біріншіден, осы топтағы басты фаворит Данияны қапыда қалдырдық. 3 ұпай алдық. Одан кейін тіске жұмсақ Сан-Марино бар. Ол команданы 2 ойында да ұтуы керек. Одан кейін финдермен де ойнап көрдік. Солтүстік Ирландия бар. Олардан да ұпай алуға болады. Біздің жігіттерге босаңсуға болмайды. Жігіттер кез келген қарсыласпен ойнауға болатынын түсінді. Сондықтан қалған командаларға да осылай ауызбіршілікпен ойнаса, жасыл алаңда жұмыла кіріссе, келесі жылғы Еуропа чемпионатына өтуге тамаша мүмкіндік бар», – деді спорт шолушы Жандос Айтбай.