Дүниежүзілік көшпенділер ойыны-2024: додаға дайындық жоспарлы түрде жүріп жатыр

primeminister.kz
primeminister.kz
Байрақты бәсекенің басталуына 59 күн қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойынына 8 миллиард теңгедей қаражат жұмсалады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның 1 миллиард теңгесін аталған ойынды ұйымдастыруға ресми серіктес болған компания жаппақ. Қос тарап бірігіп жұмыс істейтіндері туралы мемарандумға қол қойды. Көшпенділер ойынын ұйымдастыру дирекциясының жетекшісі Наиль Нұров дүбірлі додаға дайындық қарқынды жүріп жатқанын айтты.

- Байрақты бәсекенің басталуына 59 күн қалды. Додаға дайындық жоспарлы түрде жүріп жатыр. Қазір спорт нысандарының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Көшпенділер ойынының арқасында Астанадағы ипподром кеңейтіліп, жаңартылады. Бұдан бөлек, "Астана Аренаның" іші де жөнделіп, түрленіп жатыр. Астанада шетелдік қонақтар үшін 32 қонақүй дайындалып, 320 ат жалға алынуда. Бүкіл делегацияны тасу үшін 130 көлік жалданады, - деді V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров.

V дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға 90 елден 1 мың 500 адам өтініш берген екен. Өз спортшыларын додаға қосқысы келетін мемлекеттер саны күн санап артып келеді дейді Наиль Нұров. Көшпенділер бағдарламасындағы 21 спорт түрінің 11-і қазақтың дәстүрлі ойыны болса, қалғаны өзге қатысушы елдердікі. Мысалы, қырғыздың ордо, көкбөрі ойындары, африкалық увари деген спорт түрі бар.  

- Біздің ұлттық құрамада бәсеке өте жоғары. Қазір спортшылар кезекті жаттығуларын өткізіп, іріктеуден өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы мықтылардан құралатынына сөз жоқ. Әр спорт түрі бойынша жеке және командалық жүлделер тағайындалады. Мәселен, көкпар мен көкбөруден жеңімпаз команда 10 млн теңге, екінші орын алған команда 6 млн теңге, үшінші орын үшін 4 млн теңгеге ие болады. Жеке спорт түрлерінде алтын медаль иегерлері 500 мың теңгеден алады, екінші орын 300 мың теңге көлемінде марапатталады, қола жүлдегер 200 мың теңге алады, - деді V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров.

Оқи отырыңыз:Оңтүстік Астанада әскери дағдыларды қалыптастыру бойынша жиын өтті

Новости партнеров