Елімізде стенд атудан Азия чемпионаты өтіп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлем кубогын елімізде өткізу жоспарланып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде Халықаралық спорттық ату федерациясының рейтингтік Гран-приі мен стенд атудан X Азия чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

28 шілдеде басталған дүбірлі додаға әлемнің 16 елінен 300-ден аса спортшы келген.  Әзірге ерлер мен әйелдер арасындағы траншеялы стенд жаттығуы бойынша сайыс өз мәресіне жетті. Алда түрлі санаттағы жарыстар бар.

Алматы облысындағы Александр Асанов атындағы ату клубында 2 бірдей дода өтіп жатыр. Халықаралық спорттық ату федерациясының рейтингтік Гран-приі мен стенд атудан X Азия чемпионаты 11 күнге жоспарланған. Бірнеше кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы финалы 31 шілдеде аяқталып, Кувейт елінің спортшылары 1-орынды иеленсе, қытайлық қатысушылар күмісті қанжығаға байлады. Ал жастар арасындағы байқауда отандасымыз Анита Нұрланова топ жарды.

«Мен бұл спорт түрімен 4 жасымнан бері айналысамын. Бүгінгі чемпионат – мен үшін маңызды байқаулардың бірі. Қатты толқыдым. Өйткені өзге елден келген мықты спортшылармен сынға түстім. Қуанышымда шек жоқ», – деді жастар арасындағы «Trap» санатының жеңімпазы Анита Нұрланова.

Әлемнің 16 елінен 300-ден аса спорт элитасын жинаған дүбірлі дода осымен елімізде төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Кеше сайыстың ақтық сынына өткен 36 отандасымыз траншеялы стэнд атудан қола жүлдені иеленсе, бүгін командалық ойында бақ сынамақ.

Айта кету керек, командалық жаттығудан кейін ерлер мен әйелдер араласқан топтар сайысқа түседі. Сондай-ақ «Дөңгелек» стенд жаттығуы бойынша ресми сынау, жеке сынақ, ұжымдық жарыс өтеді.

«Жыл сайын көптеген мемлекеттен бұл байқауға қатысушы қатары көбейіп келеді. Жарыстың деңгейі де айтарлықтай жақсарған. Былтыр Қазақстанда жасөспірімдер арасында Әлем кубогы өтіп, 10-нан аса елден спортшылар қатысты. Алдағы уақытта да осындай дүбірлі додалар ұйымдастырылады деп сенеміз», – деді ISSF рейтингтік Гран-при байқауының техникалық делегаты Емин Джафаров

Халықаралық байқау 8 тамызға дейін жалғасады. Ал 2 жылдан кейін Францияда стенд ату бойынша Олимпиада ойындарына іріктеу басталады. Оған дейін әлем кубогын елімізде өткізу жоспарланып отыр.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанда әлемдегі лицензиялық кубокты қабылдау. Ал 2024 жылы Парижде өтетін жарысқа рейтингтік іріктеу 14 тамызда басталады. Келесі жылы осы әлем кубогын Қазақстанда өткізуге мүмкіндік туып отыр. Бұл біздің құраманың дайындығын арттырып, жеңіске жетуіне септеседі деп сенеміз», – деді ҚР Спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов.

Айта кету керек, Парижде өтетін халықаралық жарысқа еліміздің құрамасынан 10 топ қатысады деп күтіліп отыр. Ал оқ ату бойынша 20-ға жуық спортшы іріктелмек.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров