Қазақстанға шетелден легионер тарту қиындайды

18.05.2024 02:09

Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасын қарап жатыр

Сгенерировано ИИ

Спорт федерациялары өзге мемлекеттен шеберлерді шақырғысы келсе, бюджеттен емес, өз ақшасына алдыртуы керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазына қаржысы тек қазақстандық қаракөздерге жұмсалады. Мұндай норма Мәжіліс депутаттары қарап жатқан дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасында бар. Оны халық қалаулары қолдаған.

Қазақстанда 200-ден көп легионер түрлі спорт түрінен өнер көрсетіп жүр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 600-ден асып түскен. Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев легионерлердің қанша жалақы алатынын айта алмады. Дегенмен мәселені шешетін арнайы заң жобасы қаралып жатқанын жеткізді.

– Заң талқыланып жатыр, 2-3 ай көлемінде нақты шешіледі.  Легионерлер шақырыла ма, шақылыса қандай талап бар? Командада  қанша спортшы болуы тиіс? Осы мәселелердің нүктесі қойылады, – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Спорт сарапшысы Аслан Қаженов Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасының талқылауына қатысып жүр. Оның айтуынша, аталған құжатта легионерлерге мүлдем шектеу қою қарастырылмаған. Бірақ шетел спортшысын бюджет қаражатына шақыруға тыйым салу көзделген. Мұндай норманы депутаттар бірауыздан қолдапты. Аслан Қаженовтың ойынша, легионерлерге шектеу қоюмен министрліктің өзі де күресіп жатыр. Бірақ спорт федерациялары жанды қоймай бюджет қаражатына қол сұғуын тоқтатпай отырған көрінеді.

– Жауапкершілікті министрлікке артамыз. Ол жерде білгенін істеп жатқан клубтар, федерациялар бар. Барыс хоккейшілерінің министрлік, отандық спорт порталдары жарияламаса да, құрлықтық хоккей лигасы бар. Құрлықтық лигада өнер көрсететін командалардың тізімін жариялады. Оның ішінде Барыстың спортшыларының жалақысы жазылған. Канада, Америка және Ресейдің легионерлері ай сайын 30-40 миллион теңгеге жуық жалақы алады, – деді спорт сарапшысы Аслан Қаженов.

Спорт сарапшысы Бек Төлеуов Қазақстанға легионер шақыру нәтижеге тез арада қол жеткізумен қатар, белгілі бір адамдардың қалтасын қампитудың тәсіліне айналып кеткенін айтты. Маман дәлел ретінде елдегі ауыр атлетиканы келтірді. Бұл спорт түрінде Қазақстанның намысын әлемдік аренада қорғайтын спортшы қалмаған, ал, футболдың жағдайы тым мүшкіл.

– Ол клубтарда белгілі бір деңгейде легионер болуы керек. Қазір мүлдем шектеуді алып тастаған. 11 футболшының он бірі де легионер бола алады. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Кемі 3-4 легионер болса, футболдың сапасын жақсартады, тез нәтижеге қол жеткізуге болады. Менің ойымша, легионерлердің деңгейі Қазақстан футболшыларынан жоғары болуы тиіс, – деді спорт сарапшысы Бек Төлеуов.

Спорт сарапшылары елге келіп жатқан легионерлердің келісімшарттары көп жағдайда құпия болып, жарияланбайтынын жеткізді. Осыдан барып, таудай күмән пайда болады. Мамандардың айтуынша, сырттан спортшыларды тартқан соң, оны Қазақстанға еңбек етуге міндеттеу керек. Тәжірибесін өсіп келе жатқан жастармен бөлісуі тиіс. Қазір мұндай практика жоқ. Сала мамандары «ек қысқа уақытқа келіп, теңгені мөшектеп алып кетіп жатқан легионерлер тыйылмай тұр» дейді. Сарапшылар мәселе Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында шешілетініне сенеді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: кәмелетке толмағандарды жәбірлегендер қандай жазаға тартылады