Марафон жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен, мақтау қағаздарымен және медальдармен марапатталды
Алматы әкімдігінің қолдауымен жыл сайынғы Winter Run 2024 жарысы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аlmaty-akshamy.kz-ке сілтеме жасап.
Салауатты өмір салтын ұстанатын 10 мен 80 жас аралығындағы 2 500-ден астам адам қатысты.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін марафонға қатысуға ниет білдіргендер күн райының салқындығына қарамастан көп жиналды. Жексенбінің таңын жүгіруден бастаған алматылықтардың арасында түрлі салада қызмет ететін мамандардан бастап, кәсіби спортшыларға дейін бар.
Сөре сызығы әл-Фараби даңғылындағы «Нұрлы Тау» БО-дан басталып, дәл осы жерде аяқталатын жарысқа қатысушылар 3 қашықтық бойынша бақ сынасты. Балалар 3 шақырымға жүгірсе, ересектер 10 шақырымға, ал скандинавиялық жүріспен айналысатындар 7 шақырым қашықтықта бәсекеге түсті.
Ұйымдастырушылар марафонға қатысушылар жыл өткен сайын артып келе жатқанын айта келіп, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық сала қызметкерлеріне алғыс білдірді.
– Алматыда жүгіруден өтетін жарыстардың барлығын «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырады. Бүгінгі Winter Run 2024 марафоны биыл оныншы рет өткізіліп отыр. Өткен жылы Алматы марафонында скандинавиялық жүрістегі жарыс бойынша Қазақстанның рекордын орнатқан болатынбыз. Спортшылардың қатары жыл санап артып келеді. Сондықтан мұндай іс-шаралар еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Сонымен қатар, біз осы іс-шараны жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Алматы қаласының Полиция департаментіне, дәрігерлер мен еріктілерге ерекше алғыс білдіреміз, – дейді Алматы марафонының race-директоры Салтанат Қазыбаева.
Жарыс алаңынан жасты да, жасамысты да, қолдарына арнайы сүйенетін таяқтарды пайдалану арқылы жаяу серуендеуге келген зейнеткерлерді, тіпті шетелдік туристерді де кездестіруге болады.
– Зейнеткермін, жасым 72-де. Белсенді өмір сүру орталығының мүшесімін. Біз сияқты үлкен кісілер үшін орталығымызда түрлі шаралар өтіп тұрады. Міне, бүгінгі жарыс солардың бірі. Қысқы марафонға осымен екінші рет қатысып отырмын. Спортпен шұғылданған адам үнемі көңілді жүреді, өмірге деген құштарлығыңды арттырады. Денсаулыққа пайдасы зор. Замандастарымның барлығын спортпен жүйелі түрде айналысуға шақырамын, - дейді Фатима БАТЫРБЕКОВА.
Григ ЛИ, АҚШ-тың Винчестер қаласынан келген турист:
- Алматыға келгеніме 6 ай болды. Бұл қалада менің достарым көп. Алматының табиғаты да, халқы да ерекше! Бүгін менің достарым жарысқа қатысуда. Достарымды қолдап-қолпаштауға келдім. Керемет жарыс өтіп жатыр!
Көпшілік арасынан ұлына қолдау білдіруге келген театр және кино актері Әсет ИМАНҒАЛИҰЛЫН кездестіріп, сөзге тарттық.
– Ұлым Заңғар Иманғалиұлына қолдау білдіруге келдім. Талдықорғандағы қазақ түрік-лицейінде оқиды. Сол оқу орнынан Мирас ағайларымен бірге келіп, 9 бала қатысып жатыр. Балам жылда қатысады. Бірақ, мен уақытым болмай келе алмайтынмын. Бүгінгі шара қатты ұнап тұр. Мен тіпті бұдан кейін жанұяммен қатыссам ба деген шешім қабылдадым. Спорт – денсаулықтың кепілі, салауатты өмір сүрудің негізгі кілті. Жұмыс бабымен жүріп, Алматыда өтетін спорттық шараларды, осындай әдемі сәттерді біз жіберіп алады екенбіз. Халықтың ортасында, көпшілікпен бірге жүргеннің өзі бір ғанибет қой! Шынымды айтсам, өзіме-өзім риза болып тұрмын. Алматы қаласы әкімдігіне және осы шараны ұйымдастырып жатқан азаматтарға көп рахмет айтқым келеді, – дейді өнер иесі.
Өз замандастарының арасынан оза шауып, мәре сызығын бірінші болып кескен Дана ДІЛШАТ үздіктер қатарынан көрінді.
– Ерекше қуанып тұрмын. Мәреге алғашқы болып мен келдім. Өте керемет шара өтті. Марафонға 3 жылдан бері қатысамын. Спортпен шұғылданғанды қатты жақсы көремін. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді Назарбаев зиякерлік мектебінің 7 сынып оқушысы.
Іс-шара барысында жанкүйерлерге арнап ыстық шай мен демеушілік білдірген компаниялар атынан тағам ұсынылды. Ал Алматы аспанын әнге бөлеген әуен көпшіліктің спортқа деген қызығушылығын арттырып, көңілін көтерді. Алаңның медициналық шатырлармен қамтылып, тәртіп сақшыларының жіті бақылауында болуы да марафонның өз деңгейінде ұйымдастырылғанын көрсетті.
Жарыс соңында марафон жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен, мақтау қағаздарымен және медальдармен марапатталды.
Оқи отырыңыз: Алматыда уақытша бірнеше көше жабылады
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!