|
23.07.2021 | 23:49
4926

Токио 2020: Қазақстан құрамасы қанша алтын алуы мүмкін

Әлемнің 200-ден астам елінен келген 11 мыңға жуық спортшы Токиода бас қосып, барлығы 339 медальды сарапқа салады

Токио 2020: Қазақстан құрамасы қанша алтын алуы мүмкін trend.az

Токиода төрткүл дүние асыға күткен  XXXII жазғы Олимпиада ойындарының ашылуы өтіп жатыр. Бір жылға кешігіп басталған төрт жылдықтың басты додасына еліміздің атынан 97 спортшы аттанса, жолдаманың 13-і Алматыға тиесілі. Олардың арасында Ришат Хайбуллин, Карими Милад және су добынан ерлер командасы бар. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов толықтырады.

Күншығыс елінде көптен күткен жазғы Олимпиада ойындары басталды. Әлемнің 200-ден астам елінен келген 11 мыңға жуық  спортшы Токиода бас қосып, барлығы 339 медальды сарапқа салады. Соған байланысты дзюдодан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері БАҚ өкілдерімен байланысқа шығып, спортшылардың дайындықтары туралы айтты.

«Спортшыларымыз қазір дайындалып жатыр. Мысалы Елдос пен Галбадрах екеуі бір салмақта өнер көрсетеді. Татамидің үстінде бірге дайындалады. Басқа да спортшыларымыз жақсы дайындық үстінде. Қолдан келгенше барлық спортшыға жағдай жасалып жатыр», – деді дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев.

«Барлығы өте керемет. Бәрі ұнап жатыр. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен бұл жерде мына адам жеңеді деп айта алмаймын. Себебі бәрі жүлделі орындардан көріну үшін барын салып, дайындалып жатыр», – деді қазақстандық теннисші Зарина Дияс.

Айта кетейік, Олимпиадаға қатысатын спортшылардың ішінде Алматылық Ришат Хайбуллин бар. Ол биыл ғана жазғы ойындардың тізіміне кірген құзға өрмелеуден сынға түседі. Қазіргі уақытта спортшының бауырлары тақымын қысып, тілеуін тілеп отыр. Ришат көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Барлығы да әке жолын қуып, құзға өрмелеу спортымен айналысады.

«Әкеміз бала кезімізден бастап бәрімізді спортқа баулып өсірді. Есімде қалғаны 4-сынып оқып жүргенде, құзға өрмелеумен айналыса бастадым. Сол кезде Ришат та қызығушылық танытып, қатар келген болатын. Ең бастысы, Ришатқа сәттілік тілеп, елге жеңіспен оралуын тілеймін», – деді Ришаттың әпкесі Регина Хайбуллина.

«Ол спорт жағынан мықтылардың қатарында. Өзі қатысқан халықаралық жарыстарда үнемі көзге түсіп, тек қана 1-орын алып жүреді. Сондықтан оның жүлдемен оралатынына сенімім мол», – деді Ришаттың қарындасы  Ясмин Хайбуллина.

Ал спорт журналистерінің болжамынша, өткен Рио олимпиадасындағы жетістіктерді қайталай алмаймыз. 1 немесе 2 алтын иеленуіміз ықтимал екенін айтады.

«Біздің көп медаль әкелетін кейбір спорт түрлері көп қиындыққа тап болды. Мысалы ауыр атлетикадан допинг дауына байланысты 2 спортшымыз ғана барып отыр. Екеуі де басты үміткерлердің қатарында деуге келмейді. Ал бокс құрамасынан 1 алтын болады деп ойлап отырмын», – деді спорт комментаторы Ержан Көшкінбаев.

Еске салайық, бүгін бастау алған Олимпиада ойындары 9 тамызға дейін жалғасады. Барлық спорттық ойынды отандық арналар тікелей эфирде көрсетеді.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир