КВИ жұқтырған науқастар вакцина алуға шақырды

almaty.tv
almaty.tv
Балалар арасында да жылдам таралып жатқан індеттің белгілері әдеттегі тұмауға немесе COVID-19-ға ұқсас болуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Кеш болмай тұрғанда індеттен сақтанудың жолын ойлаңыздар». COVID-19 вирусын жұқтырып, реанимациядан бірақ шыққан науқастар қазақстандықтарды инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастыруға шақырады. Олар мемлекет тарапынан тегін жүріп жатқан вакциналау науқаны әрбір азамат үшін теңдессіз көмек деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Балалар арасында да коронавирус жұқтыру көрсеткіші күнен-күнге жиілеп барады. Жыл басынан бері 34 мыңдай бүлдіршін індетке шалдықса, қазір 558 бала мен 13 сәби ауруханада жатыр.  Дәрігерлер балалар арасында ушығып бара жатқан эпидахуалды жаңа штаммдардың келуімен байланыстырып отыр.

Қазір инфекциялық стационарлардың бірінде коронавирустан емделіп жатқан әріптесіміз Ғалия Шаудырбаева өз жағдайымен бөлісті. Журналистің айтуынша, індет күтпеген жерден жабысып, реанимациядан бір-ақ шығыпты. Нәтижесінде өкпесінің 95 пайызы қабынып, комаға түскен. Тележурналист ауырып ем іздемей, індетке алдын ала қамдану керектігін айтады.

«Көкірегі ояу, көзі ашық азаматпыз. Соның өзінде осындай вирустың тырнағына ілігіп, комадан аман шықтым. Әуелі Алла, сосын ақ халаттылардың арқасында аман қалдым. Сіздер де сенбей жүре бермеңіздер. Той-томалақты азайтыңыздар. Жақындарыңызға керексіздер. Балаларыңызды қорғаңыздар. Вакцина салғызыңдар», – деді тележурналист Ғалия Шаудырбаева.

Ал Күмісбек Алмасбайұлы кезінде індетпен өзі де ауырып, таныстары мен туыстарын жоғалтқан. Олардың арасында әпкесі де бар. Біраз уақыт вакцина түрлерімен танысып, ғалымдардың зерттеулерін саралап, екпе алуға шешім қабылдапты. Себебі мұндай қайғылы жағдайлардың орын алуын қаламайды.  

«Қазіргі ауырған адамдар көбейіп жатыр. Осының барлығын біле тұра келдім. Сақтықта қорлық жоқ. Бір әпкеміз қайтыс болды. Өзімнің сыныптасымның бірінің әкесі, бірінің шешесі қайтыс болды. Иманды болсын. Өзіміз де бір ауырып тұрдық», – деді қала тұрғыны Күмісбек Алмасбайұлы.

«Вакциналауды кейінге қалдыру коронавирустың түрленіп, мутациялануына жағдай жасау деген сөз». Осылай деген Алмаз Шарман әлемнің 85 елін жаулап алған «дельта» штаммы жас талғамайтынын ескертеді. Балалар арасында да жылдам таралып жатқан індеттің белгілері әдеттегі тұмауға немесе COVID-19-ға ұқсас болуы мүмкін. Дегенмен адам ағзасына әкелетін зардабы ұшан-теңіз дейді.

«Қазір, өкінішке орай, пандемияның ең ауыр кезеңіне қадам басып жатырмыз. Вирустың зұлым әрі жылдам тарайтын түрлері пайда болуда. Олардың бірі – «дельта» штаммы. Оған себеп вирустың дендеп, күшеюіне өзіміз мүмкіндік беріп жатырмыз. Барлығымыз бір үлкен кемемен жүзіп келеміз. Алдымызда үлкен айсберг. Коронавирус кейпіндегі үлкен мұздықты ерітетін тек қана вакцина дер ем», – деді Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.

Коронавирус вакцинасын алған қазақстандықтардың саны 5 миллион 55 мыңға жуықтады. Ал 3 миллион 75 мыңнан аса отандасымыз екпенің 2 бірдей компонентін алған. Алматыда 670 мыңнан астам тұрғын ковидтік иммундау шарасынан өтті.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров