Сайран көлінің жағасында Триатлоннан екінші рет Азия кубогы өтті. Дүбірлі доданың алғашқы күнінде ЭЛИТ категориясы бойынша әлемнің 19 елінен келген жетпіске жуық ерлер мен әйелдер өзара бақ сынасты. Алтыннан алқа таққан қазақстандық триатлоншы Арина Шульгинаны Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы келіп құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күннің аптап ыстығына қарамастан, Сайран көлінде спортшылар жеңімпаздар қатарынан көріну үшін бар өнерлерін ортаға салды. Әйелдер арасында алтынды Қазақстан азаматтығын енді алған Арина Шульгина қанжығасына байлады. Ол қатарластарынан оқ бойы оза шауып, 1 сағат 3 минут 43 секундта үздік нәтиже көрсетті. Айта кетейік, спортшы қыз ел намысын 2020 жылдың сәуірінен бастап қорғайтын болады.
«Жүзуде бағытымды дұрыс таңдай алмадым. Салдарынан топтан солға қарай шығып кеттім. Айналым соңына қарай қайта қосылуға мүмкіндік туды. Транзиттік аймақта өзге спортшылар аздап кедергі келтірді. Уақыт жоғалттым. Алайда жүгіру кезеңінде қарсыластарымнан алға шығып, екінші айналымда жылдамдықты үдете түстім. Енді Швейцарияда өтетін әлем кубогына мықтап дайындаламын», – деді триатлоннан азия кубогының жеңімпазы Арина ШУЛЬГИНА.
Қазір Арина спорттың бұл түрінен 212 ұпай жинаған. Әлемдік рейтингте ол 10 орынға алға жылжыды және Олимпиадаға қатысуға толық мүмкіндігі бар дейді бапкері. Ал ерлер арасында француз Феликс Дюшамп үздік атанды.
«Жанымыз, тәніміз таза болса, онда болашағымызға деген көзқарасымыз да жарқын болады. Сол себептен осы игі істің әрі қарай жалғаса беретініне күмән жоқ. Оған біздің әкімшіліктің тарапынан барлық жағда жасалады. Жеңімпаздарды құттықтаймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Айта кетейік, кәсіби спортшылар 750 метрді жүзіп, 20 шақырымды велосипедпен еңсеріп, 5 шақырымды жүгіріп өтті. Ал, келесі күні әуесқойлар арасында «Темір адам» кубогының 8-кезеңі ұйымдастырылды. Онда республикамыздың әр өңірінен және өзге мемлекеттерден жиналған 200-ден астам спортшылар арасында ең мықтылары анықталды.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы