Дзюдодан Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына дайындығы қалай

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл Қазақстан Дзюдо федерациясына 50 жыл толды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Қазақстан Дзюдо федерациясына 50 жыл толды. Негізін Тлеухан Әміржанов, Анатолий Малкин, Владимир Пактар қалаған жекпе-жек түрі соңғы жылы елімізде қарқын алып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның қатарын толықтырған жастар да артты. Осы жылы өткен «Үлкен дулыға» турнирлерінде де жаңа буын жарқ етті.

Бұл спорт біріншіден адамға имандылықты, ізгілікті үйретеді. Соның арқасында төрткүл дүниеге кеңінен таралып келеді. Елімізде де дзюдоға қызығатындар қатары артқан. Ұлттық құрама сапына жастардың көптеп келуі – соның айқын дәлелі.

«Жаңа есімдер, жас балаларды алып шығамыз деген жоспар болған. Сол жоспарға сәйкес жастарға көп көңіл бөліп отырмыз. Әрі тәжірибесі көп жігіттерге де мүмкіндік беріп отырмыз», – деді Дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.

Өткен аптада Катар астанасы Дохада өтетін әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды. Олар әр салмақ бойынша осы маусымдағы көрсеткіштеріне қарай іріктелген. Яғни, жыл басынан бері бірнеше Грэнд-слэм, Гран-при а жүлдегерлер қатарынан көрінгендер барады. Қазір ерлер мен әйелдер құрамасы бірге дайындалып жатыр.

«Аралас командалық жарысқа да қатысатын болғандықтан, жарыс алдында команданың бірге жаттыққаны абзал. Біз негізгі тапсырмаларымызды орындап, осы уақытқа дейін тынбай еңбек еттік. Қазір бұл жаттығу жиынында біз спортшылармен қатемен жұмысты, кейбір деталға тоқталып, жаттығу бағдарламасы бойынша дайындалып жатырмыз», – деді жаттықтырушы-кеңесші Стефан Трейно.

Әлемдік доданың өз ережесі бар. Жолдама алған спортшы дүниежүзілік рейтингте үздік жүздікте болуы шарт. Жүздік былай тұрсын, құрамада бестікке кіретін татами шеберлері де бар. Олар қазір алтын алып, рейтингте жоғары нәтиже көрсету үшін аянбай еңбек етуде.

«Оқу-жаттығу жиындарына кірісіп кеттік. 4 мамырға дейін осында боламыз. Одан кейін әлем чемпионатына жолға шығамыз. Қазір тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Себебі ол маңызды жарыс. Сол жерде бұйыртса үздік үштіктен көріну, алтын алу – негізгі мақсатым. Әлем чемпионы атансам деген арманым бар», – деді Ұлттық құрама мүшесі Абиба Әбужақынова.

«Қарсыластарымды айта кететін болсақ, Такато бар және де өзіммен жастар арасында келе жатқан грузиндер, әзербайжандар жақсы деңгейде дайындалғаны көрініп тұр. Анталияда өткен жарыста үшінші орын алдым. Алла қаласа, әлем біріншілігінде жақсы өнер көрсетемін деген үміттемін», – деді Ұлттық құрама мүшесі Нұрқанат Серікбаев.

Айта кетейік, Катар астанасында өтетін әлем чемпионаты олимпиада алдындағы соңғы әлем біріншілігі. Оның нәтижесі бойынша спортшылар әлемдік рейтингке ұпай еншілейді. Егер үштікке енсе, 1000-нан 2000-ға дейін ұпай жинауға мүмкіндік бар.

Қайрат Советбекұлы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров