Ертең, 23 шілде Жапонияда төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындарының ресми ашылуы өтеді. Төрт жылдықтың басты додасында Алматының атынан 13 спортшы қатысып, еліміздің намысын қорғайды. Олардың арасында Дмитрий Баландин, Ришад Хайбуллин, Әсем Орынбай секілді мақтаныштарымыз бар. Ендеше, жерлестеріміздің Токиодағы дайындығы қандай? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Ертең күллі әлем асыға күткен жазғы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Бәсі жоғары додаға кіл мықтылар жиналып, бақтарын сынап көрмек. Қазіргі уақытта ел спортшыларының біразы Токиоға аттанып, сол жақта дайындықтарын пысықтап жатыр. Жерлесіміз олимпиада ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин үшін ертең маңызды күн. Сол себепті ештеңеге қарамастан өзінің жеңіске деген жігерін қайрап, сенімді түрде дайындалып жатыр.
Айта кетейік, жазғы ойындарға еліміздің атынан барлығы 95 қатысушы сынға түседі. Оның 13-і алматылық спортшы. Сол себепті бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Токиодан арнайы видео жолдап, қазақстандықтарды қолдауға шақырды.
«Дайындығымыз жақсы. Күніне 1 мезгілден жаттығу жасап жатырмыз. Ел үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Бізге қолдау білдіріп, жанкүйер болыңыздар. Алға, Қазақстан!» – деді бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев.
Одан бөлек, қала тұрғындары да ел үмітін арқалап кеткен спортшыларымызға сәттілік тіледі.
БЛИЦ
«Олимпиадаға қатысатын Алматылық спортшыларға сәттілік тілеймін. Елге жеңіспен оралсын», – деді қала тұрғыны Қайрат Базарбаев.
«Дмитрий Баландин және күрестен Олимпиадаға қатысып жатқан қыздарға, жігіттерге жеңіс тілеймін. Елімізге алтын медальмен оралсын», – деді қала тұрғыны Нұрбол Меңлібаев.
«Қазақтың жігіттері осы Олимпиадада бірінші орын алып, қазақтың туын көтерсін. Қазағым алда болсын. Жарға түспей, төбеге қарай жүре берсін», – деді қала тұрғыны Ағабек Құдайбергенов.
Ал спорт сарапшылары осы жарыста 4 алтын алсақ, соның өзі үлкен жетістік екенін айтады. Барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынатын дода 1 жылға кеш өтіп жатқандықтан, спортшыларға қиынға соғуы мүмкін.
«Спортшылар соңғы әлем чемпионаттарында, әлем кубоктарында, құрлықтың чемпионаттарда көрсеткен нәтижесі жаман емес. Жалпы спортқа Қазақстанда дәстүр қалыптасты деп ойлаймын. Аяқ астынан содан бас тартып, құрғақ қасық ауыз жыртады деп түк бітірмей отырсақ, ол өтірік болар еді. Сондықтан мен Олимпиададан жанкүйер ретінде үлкен үміт күтемін», – деді спорт журналисі Есей Жеңісұлы.
Еске салай кетейік, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жазғы олимпиада ойындарына 7-рет қатыспақ. 1996 жылдан бері 15 алтын, 21 күміс, 28 қола еншілеп, барлығы 64 медаль жеңіп алған. Ал ертең өтетін Олимпиада ойындарының ашылу рәсімінде Қамшыбек Қоңқабаев Ұлттық құраманы бастап шығады.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы