Алматыда волейболдан мешіт жамағаты арасында финалдық кезең өтті. Қазан айында басталған спорттық шараға қаламыздың 52 мешітінен барлығы 40-тан астам команда қатысып, соның 8-і ақтық кезеңде өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен демалыста әр ауданнан іріктеліп шыққан 8 команда бас жүлдеге таласты. Тартысты өткен кездесуде Алатау ауданының «Нұр-Мүбәрәк» мешіті 3-ші орынға жайғасса, Наурызбай ауданы 2-ші орын алды. Ал бабы мен бағы қатар келіскен Бостандық ауданының мешіт жамағаты турнир жеңімпазы атанды.
Жарыс соңында қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен грамоталар табысталды.
«1-ші, 2-3 орын алған қарсыластардың деңгейі бірдей. Бәрі бірге ойнап жүрген балалар. Жарыс болғаннан кейін біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Бізге 2-ші орын бұйырған екен», – дейді турнир жүлдегері Айбек Шабтаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстарға жат ағымның жетегінде кеткен жандар да қатыса алады. Себебі турнир мақсаты асыл діннің оң жолын көрсету арқылы оларды сыртқа теппей, керісінше, бауырға тарту.
«Бұл жобаның мақсаты – мешіт жамағаттарына салауатты өмір салтын насихаттай отырып, дәстүрлі құндылықтарымызды, дәстүрлі ұлттық ойындарымызды, спорт түрлерін насихаттау», – деді қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Бақдәулет Әбдіхамитов.
«Дәстүрлі түрде 3-ші жыл өткізіліп келе жатыр. Оның ішінде волейболдан бірінші рет өтіп отыр. Өткен жылдары әйелдер арасында өткізген болатынбыз. Биыл ерлер арасында волейболдан бірінші рет өтіп жатыр», – деді ұйымдастырушы Әлия Шайхан.
Айта кетейік, мамандар алдағы уақытта командалық ойындардан бөлек, үстел теннисі секілді жекелей спорт түрлерінен де турнир өткізуді жоспарлап отыр.
Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы