Атақты франциялық дзюдошы, үш мәрте Олимпиада, 11 дүркін әлем және 5 рет Еуропа чемпионы атанған Тедди Ринер Қазақстанда жаттығып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, еліміздің ерлер және әйелдер ұлттық құрамалары жаңа маусымға дайындықты бастады.
Жылдың алғашқы оқу-жаттығу жиындарын қос құрама Алматы қаласы және Алматы облысында өткізуде. Бұл Франция дзюдо федерациясымен бірлескен оқу-жаттығу жиыны болып саналады.
Отандық дзюдошылардың шеберлігін шыңдау және тәжірибе алмасу мақсатында Тедди Ринер Қазақстанға келді.
Алматы қаласындағы дзюдо академиясында ауыр салмақтағы татами шеберлері жаттығуда. Ал Алматы облысындағы «Жаңашар» олимпиадалық даярлау орталығында қалған салмақтағы 100-ге жуық спортшы шеберлігін шыңдауда.
Оқу-жаттығу жиынына 2022 жылғы ел чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталған құрама дзюдошылары шақырту алған.
Аталған жиын Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасының бас бапкерлері Нұрбол Сүлейменов пен Ерлан Алпысбаев, сондай-ақ франциялық жаттықтырушы-кеңесшілер Ксавье Монденкс пен Стефан Трайноның жетекшілігімен өтуде.
Оқу-жаттығу жиыны 22 қаңтарға дейін жалғасады.
Дереккөз: ҚазАқпарат