«Астана» Румынияның «Корвинул» командасын ойсырата жеңді

Almaty.tv
Almaty.tv
Кездесу барысында елордалық клуб жинақы қимыл көрсетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Астана» Румынияның «Корвинул» командасымен қарымта ойын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесу барысында елордалық клуб жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде жасыл алаң төрінде емін-еркін ойнай білді. Десе де ойынның бірінші кезеңінде елордалық клуб небәрі бір ғана гол соқты. Оны 13-минутта Джеффри Чинеду өзінің еншісіне жазды.

Екінші кезең «Астананың» толық басымдығымен өтті. Елордалық клубтан Марин Томасов 57, 76-минутта мергендік танытса, Джеффри Чинеду 63-минутта тағы бір мәрте көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ал Назми Грипши 73, Эльхан Астанов 84-минутта басымдықты арттырса, оған «Корвинул» сапынан Михай Велисар 78-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша, «Астана» қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата жеңді.

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде елордалық клуб 2:1 есебімен басым түскен еді.

Енді «Астана» аталған турнирдің плей-офф сатысында «Сент-Миррен» (Шотландия) мен «Бранн» (Норвегия) клубтарының жеңімпазымен кездеседі.

Сондай-ақ 15 тамызда шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда Арменияның «Пюник» клубымен ойнайды. Алғашқы матчта «Ордабасы» қарсыласына 0:1 есебімен жол берді.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Новости партнеров