Алматы марафоны: кімдер жүйрік атанды

Қырғызстан, Ресей, Италия сынды 50 мемлекеттің спортшылары қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы марафоны қатарынан он үшінші рет өткізілді. Оған Қырғызстан, Ресей, Италия сынды 50 мемлекеттің спортшылары қатысты. Олар 5 топқа бөлініп, сынға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Марафоншылар таңғы сағат 6:00-де Республика алаңына жиналды. Орталық Азиядағы ауқымды шараға биыл 50 елдің 15 мыңнан аса қатысушы қатысып, бақ сынады. Олар 42 шақырымды еңсеруге ұмтылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше биылғы марафонға қатысушылардың саны едәуір артқан.

Марафонға 15 жастан асқан қатысушылар тіркеліпті. Олар 5 топқа бөлінді. Спортшылардың алғашқы легі 10 шақырымды жүгіріп өтсе, екінші құрам  21 километрді еңсерді. Ал үшінші топ скандинав жүріспен 10 шақырымды бағындырды. Төртінші құрам эстафеталық жарысқа қатысса,  бесінші топ 42 шақырымға жүгірді. 

"Марафоншылар жүгіріп өтетін жолдың бойына тамақтану орындары қойылды. Дәрігерлердің санын арттырдық. Бастысы инклюзивтілікке ден қойып, экологиямызды ластамауға тырыстық. Мысалы іс-шарада қолданылаған отшашудың қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Ал дені сау жастар көбейіп, спорт кеңінен насихатталса деген тілек бар", – деді ұйымдастырушы Уәлихан Тен.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, марафоннан түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады. Іс-шараға ерекше қажеттілігі бар балалар да қатыса алады.

"Біз үшін Алматы марафоны маңызды іс-шараға айналды. 2019 жылдан бері балаларымыз тәжірибелі спортшылармен бірге, 10 шақырымдық аралықты еркін еңсеріп жүр. Осы жолы да дәстүрден жаңылмадық. Бізден 5 бала қатысты. Олар марафонға әбден үйреніп алған, арасында жетінші рет өз үшін сынап жатқандар бар", – деді  «Мейірім» реабилитациялық орталығының директоры Елена Кузембаева.

Қатысушылар Қырғызстан, Ресей, Италия сынды мемлекеттерден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген.

"Марафонға екінші рет қатысып жатырмын. Керемет ұйымдастырылған. Мақсаттар Түркістан марафонында қатысмыз, дайындалып жатырмыз", – деді қатысушы Дамир Жылқыбек.

"Өзім үшін жеке рекорд жасадым. 10 километр қашықтықты 51 минутта келіп жеттім. Бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған", – деді қатысушы Асылнұр Исағали.

"Алматы марафонына биыл алтыншы рет қатысып жатырмын.  Атыраудан келдім. 42 километрдің эстафетасын жүгірдім. Бұйыртса екінші орын алдық", – деді қатысушы Анжар Базарбаев.

Жарыс нәтижесіне сай, ең жүйрік марафоншы 42 шақырымды 2 сағат 19 минутта еңсерген Илья Тяпкин болды. Қыздар арасында Анастасия Деркач топ жарды. Ал 21 шақырым аралықты алғашқылардың бір болып Нұрсұлтан Кенешбеков пен Александра Вдовина бағындырды. Данияр Орманғали мен Дана Гусарова болса, 10 шақырымды біріншілердің бірі болып жүгіріп өтті. Ал скандинав жүрістен Асқар Дүйсембеков пен Гүлнар Құсайынова шашасына шаң жұқтырмады.

Оқи отырыңыз: Еңбек күні: Алматыда кімдер марапатталды

Новости партнеров