Әлемнің 20 елінен 50-ге жуық теннисші келіп, бақ сынайды
Алматыда алғаш рет теннистен ATP 250 турнирі өтеді. Ерлер арасында ұйымдастырылатын додаға 20-дан астам елдің теннисшілері қатысып, бақ сынайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда шамамен 100 жыл бұрын қазақ теннисінің іргетасы қалана бастады. Бүгінде алып мегаполис ауқымы кең, халықаралық жарыстарды өткізу құрметін иеленіп отыр. Ал бұл жолғы дүбірлі дода 13 қазанда басталып, апта бойы Almaty Arena-да жалғасады. Әлемнің 20 елінен 50-ге жуық теннисші келіп, бақ сынайды. Олардың қатарында жаһандағы үздік отыздыққа кірген алты спортшы бар.
Айта кетейік, қала тұрғындары мен қонақтары спорттық сайысты тамашалай алады. Билет құны 3 мың теңгеден басталады.
"Бұл бағаға матчтан бөлек, Almaty Arena жанындағы түрлі тренингтер, ойындар кіреді. Тек ересектер емес, балалар үшін де қызық болады. Сондай-ақ фудкорт алаңы бар. Онда түрлі мейрамханалар қызмет көрсететін болады", – деді Теннис федерациясы PR және маркетинг бөлімінің басшысы Гүлмира Закирьянова.
Турнирде Бейбіт Жұқаев, Александр Шевченко, Михаил Кукушкин сынды жетекші ойыншылар ел намысын қорғайды. Ал жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асады. Сондай-ақ тек ақшалай сыйлық емес, жеңімпаз атанған теннисшілер ATP тізімінде 250 ұпайға ие болады.
"Турнир қазанда басталса да, дайындықты ерте бастадық. Үлкен алаңда 6 мың орындық бар, екі алаң болады. Екеуінен де жарыстың маңызды ресми сәттерін тамашалауға болады. Матч әлемнің 40 елінде көрсетіледі", – деді «Теннис федерациясы» РҚБ филиалының директоры Андрей Квасов.
Алматылықтар мен қала қонақтары әлемдік теннис жұлдыздарының тартысын көруге мүмкіндік алады. «Алматы аренада» өтетін байрақты бәсекені барып тамашалай алмасаңыз, дүбірлі доданың ұмытылмас сәттерін «Алматы» телеарнасынан көре аласыз.
Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматы марафоны: кімдер жүйрік атанды