Студенттер лигасының кезекті кезеңі де қызу қарқынмен басталды
Алматыда студенттер арасындағы спорт лигасы жалғасып жатыр. Қаланың 35 жоғары оқу орнынан жиналған 95 команда үш бірдей спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтауда. Қазір плей-офф кезеңдері өтіп жатыр. Кейбір командалар финалға сенімді қадам басса, өзгелері үшін дода осы тұста аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Студенттер лигасының кезекті кезеңі де қызу қарқынмен басталды. Әсіресе баскетбол алаңындағы тартысты ойындар жас спортшылардың шеберлігін танытып, көрерменнің қызығушылығын арттыра түсті. Солардың бірі - жарыс барысында ерекше көзге түскен Максим Волков. Ол сегіз жылдан бері баскетболмен айналысып келеді. Айтуынша, бұл спорт түрі оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Максим үшін жеке марапаттардан гөрі, командасының жеңісі мен бірлігі маңызды.
«Ең бастысы - команда болып жеңіске жету, бүтін бір организм сияқты жұмыс істеу маңызды. Нәтиже көрсету – менің басты ұстанымым. Ал өзімнің қанша ұпай жинағаным маңызды емес. Бүгін, мәселен, плей-оффқа шығу үшін маңызды ойын өтті. Біз жеңіске жеттік», – деді қатысушы Максим Волков.
Волейбол турнирінде де тартыс күшейе түсті. Бұл жолғы жарыс күнінде ондаған қызықты ойын өтіп, әр команда жеңіс үшін барын салды. Әрбір доп үшін күрес қызу жүріп, ойыншылар жанкештілік танытты. Турнирге қатысушылардың бірі – Ксения Алексеенко. Ол үшін бұл дода ерекше мәнге ие. Себебі, волейболдан үлкен аренада өнер көрсету - бала күнгі арманы. Ал бүгінгі турнир сол арманының орындалуына сеп болып отыр.
«Мен волейболмен мектеп кезінен бері айналысып келемін. Бірақ, тек әуесқой деңгейде. Теледидардан, спорттық арналардан қызықты ойындарды көру әрқашан ұнайтын. Аулада достармен жиі ойнайтынбыз. Кейін университетке түсіп, жаттығуға кірістік. Қазір сол еңбектің нәтижесін көрсетіп жүрмін», – деді қатысушы Ксения Алексеенко.
Ақтық сынға жолдама үшін жас футболшылар да барын салуда. Қазір олар 4 топқа бөлініп, шеберліктерін сынап жатыр. Жарыс деңгейі өте жоғары. Тіпті кейбір ойыншылар футбол академияларында дайындықтан өткен. Қатысушылар бұл турнирді жай ғана бәсекелестік емес, жастар үшін үлкен спортқа бастар жол деп бағалайды.
«Төрт ойынның үшеуін ұттық. Бір ойында матчтан шеттетілдік. Ұйымдастырушыларға рахмет! Алғысым шексіз», – деді қатысушы Заңғар Жұмәлі.
Алматыдағы студенттер лигасы - бұл жастардың шынығуына мүмкіндік беретін, командалық рухты қалыптастыратын маңызды алаң. Мұнда әр ойын - тәжірибе, әр жеңіс - бірліктің жемісі. Турнир соңында үздік ойыншылар мен командалар арнайы аталымдармен марапатталады. Ең бастысы, лигадағы тартысты бәсекелердің оң нәтижесі ретінде келесі оқу жылынан бастап доп додасы тұрақты чемпионат форматында өтетін болады.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов «Алматы» телеарнасы