Алматыдағы халықаралық теннис додасы мәресіне жетті
Almaty Open – ТМД елдері арасында ATP 250 санатындағы жалғыз турнир
Алматыдағы халықаралық теннис додасы мәресіне жетті. Тоғыз күн бойы әлемдік спорт жұлдыздары бақ сынаған Almaty Open ATP 250 турнирінде былтырғы чемпион Даниил Медведев биыл да топ жарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл жетінші рет ұйымдастырылған жарысқа жекелей сында 28, жұптық ойында 32 адам қатысып, миллион доллардан асатын жүлде қоры мен рейтингтік ұпайлар үшін бақ сынады. Орталық Азия мен ТМД кеңістігіндегі ATP 250 санатындағы жалғыз турнирдің маңызы да осында айқындалады. Алматы әлемдік теннис күнтізбесіндегі орнын нығайтып, жанкүйерлерге жоғары деңгейдегі бәсекені тамашалауға мүмкіндік берді. Тоғыз күнге созылған додада күтпеген нәтижелер тіркеліп, басты фавориттердің өзі жарыс жолынан шығып қалды. Ал ұйымдастырушылар биыл көрермендердің саны мен жарысқа әлем назарының айрықша түскенін айтты.
«Жарысқа дейін бір ай бұрын, жартылай финал, финал кезеңдеріне толықтай сатылып қойған болатын. Жарысқа қатысушылардың деңгейі өте жоғары. Жарыстық сыйақысы 1 миллион теңгеден асады. Жарысқа 20-ға жуық елден 64 қатысушы келді», – деді Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Медет Байкен.
25 қазандағы финалда Даниил Медведев пен Николоз Басилашвили чемпиондық атаққа таласты. Алғашқы сетте грузиялық теннисші табандылық танытып, тай-брейкте 8:6 есебімен басым түсті. Бірақ одан кейін әлемнің бесінші ракеткасы ойын тізгінін өз қолына алды. Екінші сетте 6:1, шешуші кезеңде 6:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 53 минутқа созылды. Медведев Алматыдағы чемпиондық атағын қорғап, биылғы маусымдағы төртінші ATP титулын иеленді. Ал Басилашвили үшін бұл - төрт жылға жуық үзілістен кейінгі алғашқы ATP финалы.
«Бұдан да жақсы көрсеткіш көрсетуге болар еді. Бірінші сеттен соң аяғым ауырсынып, шаршағанымды сездім. Медведев өте жақсы ойын көрсетті. Қазақстан - Грузияға ең жақын АТР турнирі өтетін ел, бұл мен үшін ерекше мәнге ие», – деді теннисші Николоз Басилашвили.
Жарыс аяқталған соң теннисшілер тек ойын нәтижесімен шектелмей, Алматыдағы турнирдің деңгейіне де тоқталды. Медведевтің айтуынша, мұнда ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде, ал атмосферасы ерекше болды. Былтыр Алматыда чемпион атанған спортшы биыл да осында оралғанына қуанышты екенін жеткізген.
«Өзімді физикалық тұрғыда өте жақсы сезіндім. Иә, титулды қорғау керемет сезім, жеке рекорд сияқты сезіледі. Алғаш рет болған соң орны бөлек», – деді Almaty Open ATP 250 жеңімпазы Даниил Медведев
Алматыдағы теннис додасы мәресіне жетіп, чемпиондардың есімі анықталды. Биыл турнирдің бір ерекшелігі – жанкүйерлердің қызығушылығы айрықша. Тіпті билеттердің басым бөлігі сатылып, әлемдік тенниске деген ықыластың артқанын аңғартты.
Айта кетейік, Almaty Open – ТМД елдері арасында ATP 250 санатындағы жалғыз турнир. Бұл – Қазақстанның әлемдік спорт картасындағы орнын ойып тұрып айқындайтын көрсеткіш екені сөзсіз.
Әйкерім Пернебек, Ғану Қалуов
Оқи отырыңыз: Жания Бекмұхамбетова Италиядағы үстел теннисінен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды