Бүгін – Алматыда қазақстандық футбол үшін маңызды күн. Бірер минуттан кейін Орталық стадионда Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матч басталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Қайрат» өз алаңында Кипрдің «Омония» құрамасын қабылдайды. Алғашқы кездесуде алматылық клуб 0:1 есебімен есе жіберген.
«Қайрат» пен «Омония» арасындағы шешуші кездесудің басталуына санаулы минуттар ғана қалды. Қазірдің өзінде жанкүйерлер стадионға жиналып, сары-қара жейдедегі команданы қолдауға дайын. Алғашқы ойында 0:1 есебімен жеңілген «Қайратқа» келесі кезеңге өту үшін кемінде екі доп айырмасымен жеңіс қажет.
Егер бұл нәтиже тіркелмесе, команда Чемпиондар лигасымен қош айтысып, Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алады. Дегенмен жанкүйерлердің үміті зор. Себебі бұған дейін алматылық клуб Черногорияның «Сутьескасына» қарсы өткен матчтарда мінез көрсетіп, қос ойынның қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алған болатын.
«Алғашқы ойыннан кейін бұл қарсыласты жеңуге болатынын көрдік. «Қайраттың» құрамы да күшейді. Қазіргі жағдайды бағалайтын болсақ, команда өз мүмкіндігін сақтап отыр. Бапқа енген Гуаль Сәтпаевтың орнын сәтті алмастырды. Негізгі құрам да біршама тұрақталды, сондықтан бұл жолы айтарлықтай өзгеріс болады деп ойламаймын. Жалғыз мәселе – Жоржиньоның жарақаты. Ол бүгінгі матчқа қатыса алмайтын сияқты. Ал ол шабуыл шебіндегі негізгі ойыншылардың бірі. Оның үстіне бүгін «Қайратқа» міндетті түрде гол соғу қажет», – деді спорт комментаторы Дидар Қадыров.
«Қайрат» пен «Омонияның» матчына келдік. Алматының командасы жеңеді деген ойдамыз және сенеміз. Бұған дейін де қаншама рет қолдап жүрміз», – деді жанкүйер Мақпал Тілеухан.
«Алла қаласа «Қайратқа» жанкүйер болып келіп отырмыз. Бұйырса, жеңеді деген ойдамыз. Есеп 3-1 болады. «Қайрат» УЕФАҒА өтеді», – деді жанкүйер Азамат Игембаев.
Айта кетейік, жұптың жеңімпазы келесі кезеңде Болгарияның «Левскиі» мен Румынияның «Университатясы» арасындағы жеңімпаз кездеседі. Ал әзірге матч барысын бақылауды жалғастырамыз.
Оқи отырыңыз: Ең бойшаң спортшы қыз Таразда тұрады: шетелдік клубтардың назарына іліккен Аяжан кім