Елде студенттер арасында бокстан әлем чемпионаты өтуі мүмкін

05.12.2025 20:51

Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуді Халықаралық университеттер спорты федерациясы ұсынып отыр

Бокстан студенттер арасында Әлем чемпионаты келесі жылы біздің елде өтуі мүмкін. Мұндай құрлықаралық дода соңғы рет 2006 жылы өткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуді Халықаралық университеттер спорты федерациясы ұсынып отыр. Байрақты бәсекені Геннадий Головкин басқаратын WORLD Boxing халықаралық ұйымының қолдауымен өткізу мүмкіндігі қарастырылуда. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жарыстың әлемдік аренада беделі арттып, ең мықты спортшылардың да қызығушылығын оятады.

«Қазақстанға халықаралық спорт ұйымдарының сенімі жоғары екені байқалады. Өйткені, олар бізге ірі жарыстарды өткізуді ұсынып отыр. Енді студенттер арасындағы бокстан әлем чемпионатын қабылдау мүмкіндігі үлкен мәртебе болмақ», – деді Қазақстан Ұлттық студенттер спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов.

Сондай-ақ Халықаралық университеттер спорты федерациясы 2029 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын да Қазақстанда екінші рет өткізу мәселесін қарастырып жатыр. Алайда бұл бастамалардың барлығы әзірге ұсыныс және талқылау деңгейінде ғана, алда инфрақұрылымның дайындығын, ұйымдастырушылық әлеуетті бағалау кезеңі тұр. Негізгі мақсат – университеттік спортты дамыту, Қазақстанның халықаралық беделін нығайту. 

«Халықаралық университеттер спорты федерациясы елде 2017 жылғы Қысқы Универсиаданы ең үздік деп танығані. Жарыс сол кезде біздегі спорт инфрақұрылымын жаңартып, Атлетикалық ауыл мен «Халық Арена» сияқты заманауи нысандардың салынуына серпін берді», – деді Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов.

Оқи отырыңыз: Алматылық студенттер қазақстандық олимпиадашылармен кездесті