Алматылық студенттер қазақстандық олимпиадашылармен кездесті

Ұлттық олимпиада комитеті
Ұлттық олимпиада комитеті

Сессияда Юрий Мельниченко мен Назым Қызайбай сөз сөйледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қазақстандық олимпиадашылардың қатысуымен мотивациялық сессия өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арнайы шара ЮНЕСКО-ның бастамасымен, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті және Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты - «Ассамблея жастарының» қолдауымен ұйымдастырылды.

Семинар Алматыдағы БҰҰ кеңсесінде өтті. Оған қаладағы әртүрлі жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Сессияда грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко мен бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай сөз сөйледі.

Жиын барысында спорттың жастар арасында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудағы, жауапкершілікті арттырудағы және ұлттық бірлікті нығайтудағы рөліне ерекше көңіл бөлінді.

Спортшылар өздерінің өмір жолы мен кәсіби тәжірибесі туралы, тәртіп пен табандылықтың мақсатқа жетудегі маңызы жайлы айтып берді. Сондай-ақ спорттың бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның дамуына оң әсер ете алатынын атап өтті.

"Әр спортшының арманы - Олимпиада. Мақсат қойып, шыдамдылық таныта білгендер ғана жеңіске жетеді. Жеңіске жеткен сәтте бастан кешкен барлық қиындық көз алдыңнан өтеді. Көк туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз шырқалғанда көзге еріксіз жас келеді. Әр спортшы осы сезімді бастан өткерсе деймін.

Спортшы болғаннан кейін әр адамның төзімділігінің шегі әртүрлі. Кейбіреулері жарыста жеңіліп қалса, көзіне жас алады. Ал басқаларына бәрібір, көңіліне алмай, алға қарай еңбектене береді. Бұндай жағдайды әркім әртүрлі қабылдайды. Дегенмен ең бастысы - алға қарай нық қадам басу", - деді Қызайбай.

Айта кетейік, ҰОК ЮНЕСКО-мен бірлесіп, жастарды дамытуға және тұрақты болашақ қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған бастамаларды жүзеге асыруды жалғастырады.

Оқи отырыңыз: Михаил Шайдоров Гран-при финалының қысқа бағдарламасында нешінші орынға ие болды

Новости партнеров