Еурокубок маусымы басталды: Алматыда «Қайрат» алғашқы ойынын өткізеді

Мыңдаған жанкүйер «Қайратқа» қолдау көрсету үшін стадионға жиналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда еурокубок маусымы басталды. Бүгін жергілікті «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында Черногорияның «Сутьеска» командасын қабылдайды. Кездесу Алматының Орталық стадионында өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Матч алдында стадион маңына жүздеген жанкүйер жиналып, ерекше футбол атмосферасын қалыптастырды. Сары-қара жалауларын желбіреткен жанкүйерлер сүйікті командасына қолдау білдіріп жатыр. Бұл – «Қайраттың» биылғы еурокубок маусымындағы алғашқы ойыны.

«Қайраттың бүгінгі жеңісіне 100 пайыз сенемін. Былтырғыдай Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтеді деп үміттенемін. Жолы болмай жатса да, кем дегенде Конференциялар лигасының негізгі кезеңіне шығуы керек. Құрамы да мықты. Дастан Сәтпаев кетсе де, жаңа шабуылшы Марк Гуаль бізге жеңіс әкеледі деп ойлаймын. Қайрат, алға!» – деді жанкүйер Әміржан Берік.

Қарағандыдан арнайы келген жанкүйер Әлихан Айтбай да алматылық клубтың жеңісіне сенім білдірді.

«Қарағандыдан келдім. "Қайраттың" ойынына алғаш рет келіп тұрмын. Жеңіске үміттенеміз. Келесі кезеңге өтіп, Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетеді деп сенеміз», – деді Әлихан Айтбай.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стадион маңында 2 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Олар жанкүйерлер легін реттеп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.

Бүгінгі қарсылас – Черногорияның Никшич қаласының намысын қорғайтын «Сутьеска» клубы. 1927 жылы құрылған команда бірнеше мәрте ел чемпионы атанып, еурокубок турнирлерінде тұрақты өнер көрсетіп келеді.

Футбол комментаторы Нұрасыл Нұрсұлтанның айтуынша, қазіргі таңда «Қайраттың» жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.

«Қазір "Қайрат" Қазақстандағы ең бабындағы командалардың бірі. Дастан Сәтпаев кеткенімен, оның орнына Марк Гуаль секілді тәжірибелі шабуылшы келді. Соңғы турда "Қайрат" "Оқжетпесті" 5:0 есебімен жеңді. Ал Черногория чемпионаты әлі басталған жоқ, оның үстіне "Сутьеска" маусым алдындағы үш жолдастық кездесудің бәрінде жеңілді. Сондай-ақ УЕФА рейтингінде "Қайраттан" 97 саты төмен тұр. Сондықтан алматылық клубтың бұл матчта жеңіске жету мүмкіндігі жоғары», – деді футбол комментаторы Нұрасыл Нұрсұлтан.

Айта кетейік, бұл – екі матчтан тұратын текетірестің алғашқы ойыны. Қарымта кездесу бір аптадан кейін Черногорияның Никшич қаласында өтеді. Ал бүгінгі матчқа «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев қатыспайды. Ол жақында Англияның «Челси» клубына ауысып, жаңа командасына қосылды. Кездесуге Украинадан келген төрешілер бригадасы қазылық етеді. Бас төреші – Дмитрий Панчишин.

Алматылық жанкүйерлер «Қайраттың» еурокубок маусымын жеңіспен бастайды деген үмітте.

Мәди Мәлік, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Оралда қайырымдылық қаржысына қатысты күдікті ұсталды