Ғалым Жарылғаповты еске алу: Қарағандыда халықаралық бокс турнирі басталды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Дүбірлі додаға бірнеше елден келген 216 үздік боксшы қатысып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды қаласында 16 желтоқсанда Серік Сәпиев атындағы Бокс орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі спорт қайраткері Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған 41-ші халықаралық турнир өз жалауын көтерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Дүбірлі додаға Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытай елдерінен келген 216 үздік боксшы қатысуда. Көрермендер үшін кіру тегін болған жарыстың ашылу салтанатында спорт сүйер қауымға танымал спортшылар мен белгілі тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысып, ерекше көңіл күй сыйлады.

Алғаш болып жарысқа қатысушыларды Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев құттықтады.

Айта кету керек, ол өз уақытында осы турнирде өзі де бокстасқан. Сондай-ақ Жарылғаповтар әулетінің жақын досы, Олимпиада ойындарының жүлдегері, КСРО-ның 1972 жылғы үздік футболшысы Евгений Ловчев сөз сөйледі.

«Адамнан кейін тек естелік қалады. Бұл турнир 41-ші рет жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Бұл — Ғалым Жарылғаповқа деген терең құрметтің, оның есімінің ел жадында мәңгі сақталғанының дәлелі», — деді ол.

Турнир төрт күнге созылады, ал финалдық жекпе-жектер 20 желтоқсанда өтеді. Бокс жанкүйерлері бұл жарыстан ерекше әсер алып, жағымды эмоцияға бөленеді деп сенеміз.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Франция азаматтарды реадмиссиялаудың құқықтық негізін бекітті

Новости партнеров