Қазақстанда бұқаралық спорт 1,8 млн бала мен жасөспірімді қамтиды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

228 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгінде 1,8 млн бала мен жасөспірім, яғни олардың жалпы санының 34,6%-ы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 45%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Туризм және спорт министрлігінен хабарлағандай, спорт саласында жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар аясында биыл енгізілген балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) қаржыландырудың жаңа моделі бір тәрбиеленушіге жұмсалатын шығын көлемін жылына 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. 2026–2028 жылдары балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға 74 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат спорт мектептерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, спорттық киім-кешек алуға, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бағытталады. Сонымен қатар біліктілік тестілеуінен өткен БЖСМ жаттықтырушыларының еңбекақысы 30%-ға арттады.

4 пен 17 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысады. Оны іске асыруға 50 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, шамамен 400 мың бала 526 балалар-жасөспірімдер және мамандандырылған спорт мектептерінде спортпен шұғылданады.

Сондай-ақ мемлекеттік спорттық тапсырыс тетігі аясында инклюзивті, интеграцияланған және арнайы топтар құру көзделген. Ұлттық инклюзивті «Жұлдызай» ойындарын өткізу және өңірлерде инклюзивті спорт орталықтарын құру жұмыстары жалғасуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 16 спорт клубы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі мамандандырылған спорт мектебінде шамамен 7,5 мың спортшы шынығады.

Спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда елімізде 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі 59,6%-ды, ауылдық жерлерде 62,1%-ды құрайды. 2025 жылы 147 спорт нысаны, оның ішінде ауылдық жерлерде 107 нысан пайдалануға берілді. 2026 жылы тағы 121 нысанды, оның ішінде жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Балалар мен бұқаралық футболды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бағдарлама аясында жоспарланған 685 футбол алаңының 520-сы қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Оның ішінде 378 алаң ауылдық жерлерде орналасқан.

Туризм және спорт министрлігі халыққа қолжетімді спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытып, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартуға, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер күндіз қанша уақыт ұйықтау керек екенін айтты