ҚР Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады

15.10.2024 20:12

Бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды

elements.envato.com

Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды. ҚР Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді. Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз", - делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырды.

Оқи отырыңыз: Талғардағы қанды оқиға: полицейлер төбелестің қалай басталғанын бейнежазбадан көрсетті