Басшылық Әлиевтің мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі команданың нәтижесін жақсартуға сеп болады деп үміттенеді
Қазақстан Премьер-лигасында жаңа тағайындау болды. Елордалық «Жеңіс» футбол клубы команданың тізгінін тәжірибелі қазақстандық маман Әли Әлиевке сеніп тапсырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Клуб жаңа бас бапкердің тағайындалғанын әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы хабарлады. Басшылық Әлиевтің мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі команданың нәтижесін жақсартуға сеп болады деп үміттенеді.
Әли Әлиев 1980 жылы дүниеге келген. Ол футболшылық мансабын 1998 жылы Алматының ЦСКА-«Қайрат» клубында бастап, кейін «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Восток», «Ордабасы» командаларында, сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиесспор», «Карталспор», «Диярбакырспор» клубтарында өнер көрсетті.
2015–2018 жылдары «Қызылжар» сапында ойнап, кейін осы команданың бас бапкері қызметін атқарды. 2019 жылы петропавлдық клубты Бірінші лиганың чемпионы атандырды. 2021 жылдың басында қарағандылық «Шахтерді» басқарғанымен, үш айдан кейін қызметінен кеткен еді.
Биыл Әли Әлиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалып, бес турдан кейін қызметін аяқтады. Сонымен қатар ол бұған дейін, 2022 жылы, «Жеңіс» клубында да бас бапкер болып жұмыс істеген.
Айта кетейік, бұған дейін елордалық клубты Андрей Демченко жаттықтырды. Ол жазда грекиялық Акис Вавалистің орнына келген болатын. Демченконың жетекшілігімен «Жеңіс» 17 матчта 8 жеңіс, 6 тең ойын және 1 жеңіліс тіркеп, 36 ұпаймен турнир кестесінде алтыншы орынға тұрақтады.
Клуб басшылығы маусым алдындағы жаңа мақсаттарға байланысты бапкерлік құрамда өзгеріс жасау туралы шешім қабылдаған.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Beles 2025 – жылдың спорт жетістіктері» фестивалі өтті