Мүмкіндігімізді барынша пайдалана алмадық - Густаво Парадеда

24.02.2026 14:32

Келесі қарымта кездесу 6 наурызда Испанияда өтеді

Алматыда футзалдан Еуропаның басты додасы – УЕФА Чемпиондар лигасы ширек финалының алғашқы кездесуі өтті. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында алматылық «Қайрат» Испанияның «Картахена» командасымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Тартысқа толы ойынға қарамастан, қайраттық футболшылар өз алаңында 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Дегенмен бұл шешуші матч емес, алматылық аяқдопшылардың төрттік финалға шығуға әлі де мүмкіндігі бар.

Бірінші таймда қос команда сақ ойнап, есеп ашылмады. Екінші кезеңнің басында алаң иелері алға шықты. Қақпашы Ванделсон Силва алғашқы голдың авторы атанды. Алайда испаниялық клуб мүмкіндікті жібермей, қарымта шабуылдармен екі гол соғып, есепті өз пайдасына өзгертті. Матч соңына дейін бұл нәтиже сақталып, алғашқы кездесуде қонақтар басым түсті.

Келесі қарымта кездесу 6 наурызда Испанияда өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңімпаз команда Чемпиондар лигасының Төрттік финалына жолдама алады. Сондықтан алматылық футболшылар үшін алдағы матч шешуші болмақ. «Қайратқа» келесі кезеңге өту үшін жеңіс қажет, ал негізгі уақыттағы бір гол айырмасымен жеңсе, ойын қосымша уақытқа ұласуы әбден мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, тәжірибесі мол алматылық клуб сырт алаңда да сенімді ойын көрсетсе, реванш алып, Еуропаның үздік төрт командасының қатарына қосыла алады.

«Иә, келісемін, ойын шынымен де әдемі өтті. Бірақ өз мүмкіндігімізді барынша пайдалана алмадық. Әсіресе, екінші таймда оңтайлы сәттер жеткілікті болды, алайда соның бірде-бірін голға айналдыра алмағанымыз өкінішті. Енді келесі кездесуде екі есе күш қосуға тырысамыз», – деді  «Қайрат» футзал клубының спорт директоры Густаво Парадеда.

Айта кетейік, биыл футзалдан Чемпиондар лигасы алғаш рет өз алаңымызда және “сыртта” өтетін жаңа форматта ұйымдастырылып отыр. Бұл командалар арасындағы бәсекені еселей түсті. Өткен маусымда алматылық клуб финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге қол жеткізген. Клубтың спорт директоры Густаво Парадеданың пайымынша, команданың басты мақсаты – үшінші мәрте Еурокубокты жеңіп алу. Ал капитан Біржан Оразов жанкүйерлер қолдауы шешуші рөл атқаратынын жеткізді.

Әйкерім Пернебек, Адель Ақжаркенова, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Панда образында өнер көрсеткен Михаил Шайдоровты Джеки Чан құттықтады