Оладың да осал тұстары бар: Рафаэль Уразбахтин «Реал Мадрид» командасының соңғы бес кездесуін талдағанын айтты

Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин «Қайрат» қақпасын 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғайтынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Әйгілі «Реал Мадрид» футбол клубының да осал тұстары бар». Бұл туралы «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ойын алдындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол испаниялық команданың соңғы бес кездесуін талдап, тактикалық тұрғыда әлсіз тұстарын анықтағанын айтты. Сондай-ақ «Қайрат» алаңға тек қорғаныс үшін шықпай, шабуылға да көңіл бөліп, жанкүйерге қызықты ойын көрсетуді мақсат ететінін жеткізді.

Иә санаулы сағаттар бұрын әйгілі «Реал Мадрид» командасының бас бапкері Хаби Алонсо мен уругвайлық жартылай қорғаушы Федрико Вальверде бұқаралық ақпарат құралдарының толғандырған сұрақтарына жауап берді.

Ал одан бұрын Қайрат футбол клубының баспасөз мәслихаты өтті. Ол жерде бас бапкер Рафаэль Уразбахтин «Қайрат» қақпасын 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғайтынын айтты. Сондай-ақ «Реалдың» Ла Лига аясындағы «Атлетико Мадрид», «Леванте» сынды командалармен өткен кездесуді сараптап, кемшіліктерді анықтағанын айтты. Оны пайдалану біздің басты мәселеміз екен жеткізді.

«Олар өте жылдам және кез келген сәтте қарсы шабуылға шығады. Бізге олардың футболшыларын қадағалау өте маңызды. Қорғаныста жүрген ойыншыларға күш түсейін деп тұр. Әрине, бар күшімізді салып, сауатты ойнауға тырысамыз. Бұл матч – біз үшін ғана емес, барша қазақ футболы үшін айтулы оқиға», – деді  «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин.

Айта кетейік, қалалық туризм басқармасының мәліметінше, көпшілік асыға күтетін ойынға шетелден 4 мыңға жуық қонақ келмек. Тіпті Испанияның өзінен мыңға тарта жанкүйер мұхит асып жолға шығады деп күтілуде. Осыған байланысты қала қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары жолаушылар көп шоғырланатын орындарда тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондай-ақ ойын күні 2,5 мыңнан астам полицей қызметке тартылады.

«Алматы полициясы матчтың қауіпсіз әрі жайлы өтуі үшін бар күшін салуда. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Жол қозғалысына ішінара шектеулер енгізіледі – уақытша шараларға түсіністікпен қарап, алдын ала жүрер бағытыңызды жоспарлауды сұраймыз. Көшелерде, стадионда және қоғамдық көлікте тәртіп сақтаңыздар. Команданы мәдениетті түрде бар ынтамен қолдаңыздар», – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Алматының дәл осы Орталық стадионы ертең нағыз футбол мерекесіне айналмақ. Себебі сары-қаралар мен патша клубының айқасы жанкүйерлерді дүр сілкіндірмек. Кездесу Астана уақытымен 21:45-те басталады.

Оқи отырыңыз: «Реал Мадрид» Алматыда: Орталық стадион футбол аңыздарын қарсы алуға дайын

Новости партнеров